Жас сарбаздар ант қабылдады
Отан алдындағы борышын өтеу – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік. Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде жас сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Биыл 89 жауынгер қасиетті сертін беріп, әскери өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты.
Тараз, Талдықорған және Қызылорда өңірлерінен шақырылған жас сарбаздар ант қабылдағанға дейін қырық күн бойы 6654 әскери бөлімінің оқу пунктінде алғашқы әскери даярлықтан өткен. Осы кезеңде олар әскери жарғыларды меңгеріп, саптық және тактикалық дайындық сабақтарынан өтіп, жауынгерге қажетті негізгі машықтарды игеріпті. Қысқа мерзім ішінде әскери тәртіпке бейімделген жас жауынгерлер бүгінде Отан алдындағы жауапты қызметін бастауға толық дайын.
РАХАТ ҚУАНЫШБАЕВ
ВЗВОД КОМАНДИРІ
Ант қабылдағаннан кейін бұларды бөлімшелерге бөледі. Кинология орталығы, коменданттық орталығы және РМТО дейді. Ол жерде жүргізушілер бар, иттерді үйретеді, өзінің мамандықтарына байланысты бөлінеді ғой аспазшылар, жүргізушілер деген сияқты. Орталықтардың бәрі осында қарастырылған. 90 сарбазымыз осы әскери бөлімде бір жыл отан алдындағы борышын өтеуге шығады.
Бауыржан Момышұлының «Елін сүйген жауынгер ер болады» деген қанатты сөзі бүгін де өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Отанға адал қызмет ету – әрбір азамат үшін қасиетті парыз. Осы жолды таңдағандардың бірі – Қызылорда облысынан келген жас сарбаз Азамат Құдайбергенов. Азаматтық борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына өз еркімен қосылған. Қырық күндік әскери даярлықтан өткен ол бүгінде әскери ант қабылдап, ел тыныштығын күзету жолындағы жауапты міндетке ресми түрде кірісті.
АЗАМАТ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
ЖАС САРБАЗ
Әскери ант қабылдау, борыш өтеу әрбір Қазақстан Республикасының азаматы үшін міндет, қасиетті міндет. Өзімнің құрдастарыммен бірге Отан алдындағы борышымды өтеу үшін, өзімдік міндетімді атқару үшін келдім. Енді әскери қызмет деген ер азаматтардың жүретін жері. Әрине, қиын кездер болады. Бірақ недегенмен еркекпіз ғой.
Ел қорғайтын ер азаматтың бойындағы елжандылық пен жауапкершілік ең алдымен отбасында қалыптасады. Салтанатты рәсімде жас сарбаздармен бірге олардың ата-аналары да ерекше толқынысты сәтті бастан өткерді. Ұлдарының әскери ант қабылдауына куә болған олар мұны әр азаматтың өміріндегі маңызды белес әрі Отан алдындағы қасиетті парыздың бастауына балап отыр.
ДӘУЛЕТ ӘЛІМБАЕВ
ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бұл әскери борыштан бәріміз өткенбіз. Мен өз басым өзіміз сондай неден өткеннен кейін баламызға да жүктедік енді бару керек деп міндеттедік. Бірақ баланы ешқалай қинамадық, өзі шешім қабылдады. Әке, мен де Отандық борышымды өтейін. Ер азаматтық парызымды өтеуге дайынмын деп келді. Қазір, міне, көңіл-күйлері жақсы, керемет. Бүгін ант қабылдап жатыр.
Ант қабылдау рәсімінен кейін ата-аналар үшін әскери бөлім бойынша арнайы таныстыру ұйымдастырылды. Олар сарбаздардың орналасу орындарын аралап, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар әскери бөлім басшылығы жауынгерлердің тамақтануы, медициналық қамтамасыз етілуі, қызмет өткеру тәртібі мен қауіпсіздігі туралы толыққанды мәлімет берді.
АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ
Әскери бөлімдегі сарбаздардың күнделікті тамақтануы арнайы бекітілген нормаға сай ұйымдастырылады. Мұнда әрбір азық-түлік түрі мен оның тәуліктік мөлшері нақты көрсетілген. Яғни, сарбаздардың сапалы әрі теңгерімді тағаммен қамтылуы тұрақты бақылауда. Бұл – әскери қызметшілердің денсаулығын сақтап, жауынгерлік даярлығын қамтамасыз етудің маңызды талаптарының бірі.
Әскери ант – елге қызмет етудің бастауы. Бүгін серт берген жас сарбаздар үшін бұл күн жүректерінде сақталатын ерекше сәт болып қалмақ.