Логистикалық қойма ашылды
Қарасай ауданында ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Көкөзек ауылында заманауи логистикалық қойма ашылып, мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жоба өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық тауар өндірушілерге де тың мүмкіндік береді. Толығырақ тілші материалында.
Елімізде логистика саласының дамып келе жатқанының белгісі – осындай ірі кәсіпорындардың бой көтеруі. Өндірісте 1200 адамға тұрақты жұмыс ұсынылған. Жұмыс берушілер қоймадағы қызметкерден бастап, тасымалдаушы, оператор, логистерді арнайы курстан өткізіп, қажет болса біліктілікті арттыру бағытында да көмек көрсетеміз дейді. Ауыл адамдары өндіріс ошағымен танысып, бос жұмыс орнын зерделеп көрді.
ШЕРНИЯЗ САЛМАНОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Жастарға да бәріне көмек, болашық. Логистика болғаннан кейін жастар өседі бұл жерден. Енді қуанышытымз осындай салынып жатқан компанияға. Жаңа технология, жаңа бағыт, жаңа болашақ. Өзіме қатты ұнады.»
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін өзекті мәселенің бірі – заманауи қойма инфрақұрылымының қолжетімсіздігі. Бұл олардың өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға кедергі келтіріп, экспорттық әлеуетін шектейді. Сондай-ақ, ішкі сауда желілерінің қатаң талаптары мен жоғары шығындары отандық өнімнің Ресей мен Қытайдан келетін тауарлармен бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Осыған байланысты компания жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды мақсат етеді.
НҰРМАТ СҮЙЕРҚҰЛОВ
КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ
«Біз кез келген өнімді тасымалдап, сақтай аламыз. Біз өз тарапымыздан қажетті логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етеміз. Мәселен, бізде мұздатқыш камера да жұмыс істейді. Жалға берумен айналыспаймыз. Тікелей жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс істейміз. Өнімді сырты нарыққа тасымалдау бағытында да алда үлкен жұмыс жүргізіледі. Әзірге көздеп отырған нарығымыз - Орта Азия елдері мен Ресей.»
Көкөзек ауылында төрт мыңнан аса тұрғын бар. Жаңа кәсіпорынның бой көтеруі өңірдегі жұмыссыздықты жойып, ел экономикасы тың серпін бермек.