Жастар еңбегі
Алматы облысында «Менің жазғы демалысым» бағдарламасы аясында жастарды уақытша жұмыспен қамту жұмысы жалғасып жатыр. Жоба мектеп оқушылары мен студенттердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, еңбекке баулуға арналған. Бүгінде өңір бойынша 400-ге жуық жасөспірім еңбекпен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылар түрлі салада еңбек етіп, кәсіби ортада тәжірибе жинақтап жүр.
Бағдарлама аясындағы жұмыстар облыстың барлық өңірінде жалғасып жатыр. Алатау қаласында биыл 40-қа жуық мектеп оқушысы мен студент уақытша жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – биыл 11-сыныпты тәмамдаған Дарын Ербол. Жоғары оқу орнына түсер алдындағы жазғы демалысын ол жиһаз өндіретін цехта өткізіп жүр. Мұнда жас жұмысшы өндіріс үдерісімен танысып, мамандарға көмек көрсетіп, еңбек дағдыларын меңгеруде. Оның айтуынша, бұл жұмыс еңбекке деген көзқарасын өзгертіп, жауапкершілігін арттырған.
ДАРЫН ЕРБОЛ
МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
«Бағдарлама негізі жұмыс орнымен ұнады, жұмыстарымен ұнады және уақыты ұнады сосын жазғы демалысымды тиімді өткізу. Осында ағамызға көмектесіп жүремін. Осында оң қолы болып, осында ағаштарды кесіп, жұмыстарға көмектесіп жүрмін. Жас кезіңнен еңбекке баулып, бос уақытын тиімді өткізу керек деп ойлаймын өзім»
Бағдарлама аясында жастарға ұсынылатын жұмыс орындары олардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына қарай іріктеледі. Қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайы жасалып, жұмыс уақыты қолданыстағы талаптарға сәйкес белгіленеді. Жұмыс уақыты мен қауіпсіздік ережелерінің сақталуы да тұрақты бақылауда
БАУЫРЖАН ЕРҒАЛИҰЛЫ
АЛАТАУ ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Қазіргі кезде оқушылар мен студенттердің жұмысқа жолдану барысы ережелері қатаң қадағаланады. Олар жаңағы бастан-аяқ сопровождение дейміз ғой қадағалауда болады. Мониторинг жасалынады. Олардың жұмысқа келуі, қайтуы және де жаңағы жұмыс кезінде жүрген кезде сол жердің қағидалары сақталуы ол қадағаланады»
Еске сала кетейік, бағдарламаға қатысатын 14–15 жастағы жасөспірімдер күніне 5 сағаттан, ал 16–18 жастағы жастар 7 сағаттан артық жұмыс істемейді. Қатысушылар еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс істеп, жалақыларын белгіленген тәртіппен алады.