Логистикалық хаб

Алматы облысында Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық орталық ашылды. Ірі инвестициялық жоба аясында 44 мың шаршы метрді құрайтын инженерлік және логистикалық нысандар пайдалануға беріліп, 135 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кешен толық іске қосылғанда өңір азаматтары үшін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, мемлекет тарапынан қолдау тапқан бастама жайлы тілші материалында. 

Қарасай ауданы, Көкөзек ауылында салынып жатқан заманауи кешенде жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу, сұрыптау және тасымалдау қызметтері атқарылады. Соңғы жылдары облыста дәл осындай қоймалардың саны 44 пайызға артқан. «Өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп,  өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған жобалар аясында тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда» осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа нысанның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.


МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Бұл жердің ерекшелігі — бұл жерде әртүрлі температурадағы сақтау қоймалары бар. Осындай жай қоймалардан бастап, -24 градусқа дейінгі температурада сақтайтын қоймалар бар. Бұл дәрі-дәрмек, азық-түлік және басқа да тауарлардың барлығын сақтауға мүмкіндік береді. Ол нені білдіреді? Ол — ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру. Кейіннен бұл жерде қаптау жұмыстары да жүргізілетін болады. Бұл Алматы облысында қалатын қосымша құн, қосымша пайда.»

Жалпы қойма 4 блоктан тұрады. Оның 2-еуі – мультитемпературалық. Бұл дегеніміз минус жиырма төрт градусқа дейінгі тоңазытқыш камералар жұмыс істейді. Ал жалпы ауданы 6 000 шаршы метрден асады. «Толықтай автоматтандырылған қоймаға 45 мың тауар сияды»,- дейді мамандар.

НҰРМАТ СҮЙЕРҚҰЛОВ
БАС ДИРЕКТОР
«Біз 44,5 мың шаршы метр аумақты іске қосып отырмыз. Бұл – толық қызмет көрсететін, барлық логистикалық қызмет түрлері қамтылған орталық. Бұл нені білдіреді? Біз әлемнің кез келген нүктесінен тауарды жеткізіп, оны клиентке дейін апарамыз. Барлық логистикалық тізбекті өз мойнымызға аламыз: тасымалдау, кедендік рәсімдеу, қоймадағы өңдеу жұмыстары. Ірі партияларды шағын көлемдерге бөліп, Marketplace арқылы клиенттерге жеткіземіз.»

Жоба төрт кезең бойынша іске асырылады. Қазіргі таңда пайдалануға берілген кешен жанында екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша кешенге теміржол тармағы қосылып, контейнерлік алаң іске қосылады деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін Іле және Қарасай аудандарында дәл осындай 3 жаңа кешен іске қосылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: