Су сүзгілеу станциясы салынады
Қонаев қаласында жаңа сүзгілеу станциясы салынып, ауызсу жүйесі жаңғыртылады.
Қала тұрғындарының саны артып, жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеруіне байланысты қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін салмақ көбейген. Енді бұл мәселені шешу үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды. Толығырақ Аружан Мұратқызы баяндайды.
Жобаның алғашқы кезеңінде қаладағы ауызсу қысымын тұрақтандыруға басымдық беріледі. Ол үшін қолданыстағы сүзгілеу станциясы жаңғыртылып, екі жаңа сорғы іске қосылады. Сонымен қатар жаңа сүзгілеу станциясының құрылысы мен алты ұңғыманы бұрғылау жобасы әзірленеді. Бұл нысандар қаланы қосымша ауызсумен қамтамасыз етуге жол ашады. Ал тұрғындардың айтуынша, мәселе әсіресе жаз мезгілінде ушыға түседі.
ЕЛЕНА ШАПАРҚҰЛОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мен өзім бірінші этажда тұрамын. Бізге су жақсы ағады. Жақсы аққанда да енді керемет емес бірінші этажға. Үштен жоғары қарай біздің үйде су бармайды. Қыста ағады, жаздың күні су нашар ағады. Давлениесі нашар
Қалаға ауызсу Қапшағай су қоймасы мен жер асты ұңғымаларынан жеткізіледі. Тұтынушыға жеткенге дейін су бірнеше кезеңнен тұратын тазарту процесінен өтеді. Бұл жұмыс шамамен төрт сағатқа созылады. Қазіргі таңда сүзгілеу станциясы тәулігіне 24 мың текше метрге жуық су береді. Алайда станция салынған кезде Қонаевтың халқы әлдеқайда аз болатын. Бүгінде тұрғындар саны көбейіп, қолданыстағы жабдықтар шекті қуатымен жұмыс істеп тұр.
АЯН СӘДУАҚАСОВ
СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ УЧАСКЕСІНІҢ ШЕБЕРІ
2010 жылы толық күрделі жөндеу жұмысынан өткен. Енді әкімшіліктің қолдауымен жаңа су сүзгілеу құбыры салынады деп жатыр. Полный проект жасалып жатыр деді. Енді бар үмітіміз сол жаңа су сүзгілеу құбырында болып отыр
Мұнымен жаңғырту жұмыстары аяқталмайды. Алдағы уақытта тозығы жеткен су құбыры мен кәріз желілері кезең-кезеңімен ауыстырылады. Жұмыстар Шығыс, Спутник, 19 және 20-шағынаудандарда, сондай-ақ Сейфуллин мен Алматы көшелерінде жүргізіледі. Жыл соңына дейін коммуналдық қызметтер 5,5 шақырымнан астам су құбырын жаңартуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, саябақтар мен жасыл желектерді суару үшін техникалық суға арналған жеке жүйе салу көзделген. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Кейін жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.