Төрткен Кененқызы дүниеден озды

ҚР мәдениет қайраткері, ұлағатты ұстаз, асылдың сынығы Төрткен Кененқызы дүниеден озды. Әкесі Кенен Әзірбаевтың мұрасын жанына серік еткен өнер иесі биыл тоқсан жасты еңсерген еді. Тіл жанашыры ретінде талай шәкірттің жолын ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген Төрткен Кененқызының өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.


Төрткен  Кененқызы 1936 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданында туған.  Әкесі Кенен Әзірбаев  халық ақыны, сазгер , әнші. Ол әкесінің жарыққа шықпаған 99 әнін нотаға түсіріп, келер ұрпаққа жетуіне үлкен еңбек етті. Өнер Төрткен Кененқызының өмірлік серігіне айналған. Бала кезінен халық ортасында ән салып өскен ол ұстаздық қызметінде де өнердің шамын сөндірмей, шәкірттерінің жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік ұялата білді. Жарты жыл бұрын арнамызға берген сұхбатында «ұстаздық» жайлы толғана сөйлеген еді. 

ТӨРТКЕН КЕНЕНҚЫЗЫ 
ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ 
«10,53 Мұғалім болу деген ол – өнер. Мұғалім өнерпаз болуы керек. Ол ойнау да білу керек. Айта да білу керек. Түсіндіре де білу керек. Әйтеуір мұғалімдік жұмысты мен өзім бес аспап болу керек деп ойлаймын. Мұғалімдік жұмыс оңай емес. Біздің кезімізде қазақ тілі мұғалімінің рөлі болған жоқ. Талай жылаған кезімізде болған. Қазір Құдайға шүкір қазір мектептерге қазақ тілі мәселесі көтеріліп жатыр.» 


Аудан орталығы қазір Өтеген батыр кенті. Ал бұрынғы атауы - Энергетический. Дәл осы атауды алуға Төрткен Кененқызының үлесі зор. Сондай-ақ ол елдің рухани өмірінің ұйытқысы болды. Аудан орталығында Мұқағали Мақатаев атындағы қазақ орта мектебі мен «Қуат» қазақ балабақшасының ашылуына атсалысып, ұлттық құндылықтың өшпеуіне аса мән берді. Төрткен Кененқызы «Әлібек Нұрқожа» ансамблінің негізін қалады. Ал соңғы сапарға шығарып салуға келген қауым қарасы бір сәтке де сиреген жоқ.

МЕЙРАМГҮЛ ЖӘБИЕВА 
ІЛЕ АУДАНДЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 
«Тоқсанға келгенше қасымызда болды анамыз. Ол кісіні әрине қимаймыз. Біз үшін өте қиын. Кеше бірден сезілді. Қасында балапандай болып артында жүретінбіз. Ол кісінің әрбір қабағы біз үшін тұлға болатын. Ұлы тұлға. Қазақтың қайсар қызы, ұлы даланың ұлы анасы.»


РОЗА ӘБІЛОВА 
АЛАТАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ 
«Ең бастысы адам өмірден өткенде – артында жақсы істер, жақсы сөздер қалады. Вот біздің апайымыз сол адамның бірі. Біз Өтеген батыр ескерткішін салғанда Қордайға бірге барып, Қордайдың азаматтары өте жақсы қолдап, содан ең бірінші қорға салған адам. Оның жаны ана ретінде, еңбекқор азамат ретінде, отанды сүйетін азамат ретінде біздей жастарға үлгі.»

Төрткен Кененқызы үшін Кенен әндері – өткеннің мұрасы емес, ұрпаққа аманат болған асыл қазына еді. 1999 жылдан бастап Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «Жетісу ән дәстүрі» пәнінен дәріс беріп, әке өнерінің өнегесін талай шәкірттің жүрегіне жеткізді. 2000 жылы «Екі Кенен тумайды» атты естелік кітабын жарыққа шығарса, 2002 жылы елге жетпей қалған шығармаларын жинақтап, «Аңыздар сыры» кітабын оқырманға ұсынды. Сонымен бірге әкенің асыл әндерін үнтаспаға жаздырып, халықпен қайта қауыштырды. Туған жерінде Кенен есімінің ұлықталуына да ұйытқы болған Төрткен Кененқызы Боралдайдағы №15 мектепке ақын атын беріп, білім ордасында оның шығармашылығына арналған мұражайдың ашылуына мұрындық болды. Сөйтіп, ол бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани қазынасын сақтаушыға айналды.

Сондай-ақ оқыңыз: