Сауда-саттық
Алматы облысында жыл басынан бері рұқсат етілмеген орындарда сауда жасағаны үшін бір жарым мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Ал өткен жылы заңсыз саудаға қатысты салынған айыппұлдардың жалпы көлемі жеті жарым миллион теңгеден асқан. Соған қарамастан, өңірде рұқсатсыз сауда орындары әлі де азаймай тұр. Заң бұзғандарға ресми базарларда сауда жасау ұсынылып, кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Өңірде заңсыз саудамен қалай күрес жүргізіліп жатыр? Әріптесім Аружан Мұратқызы толық айтсын.
Алматы облысында заңсыз сауданың жолын кесу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері күн сайын бірлескен рейдтер ұйымдастырады. Сонымен қатар, саудагерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарына сай сауда жасау үшін балама орындар ұсынылады. Жыл басынан бері өңірде бір жарым мыңнан астам әкімшілік хаттама рәсімделген.
ҚАЙРАТ ҰМАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ САУДА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Күн сайын жергілікті полиция қызметімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Аудан әкімдіктері заңды сауда жасау үшін балама орындар ұсынып келеді. Біз бірден айыппұл салуға асықпаймыз. Алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға ескерту жасап, заңды сауда орындарына көшуге мүмкіндік береміз.
Қонаев қаласындағы «Юбилейный» базарының маңы ерекше бақылауға алынған. Мұнда да рейдтік шаралар күн сайын өткізіледі. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері 119 әкімшілік хаттама толтырылып, 568 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Заңсыз саудамен айналысқан азаматтарға «Айша Сити», «Жетісу» және «Алға» базарларынан сауда орындары ұсынылады. Ал «Айша Сити» базарында алғашқы алты ай бойы сауда орны тегін беріледі.
ӘЛИ НҰРМҰХАМБЕТ
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Юбилейный» базары маңында Қонаев қаласының полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рұқсатсыз сауданың жолын кесуге бағытталған рейдтер күн сайын өткізіліп келеді. Кәсіпкерлерге балама ретінде «Айша Сити» базары ұсынылды. Базар басшылығымен жасалған келісімге сәйкес, олар алғашқы алты ай бойы жалдау ақысын төлемей, өнімдерін тегін саудалай алады.
БОЛАТ АЛМАСҰЛЫ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ №2 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ПУНКТІНІҢ АҒА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ
Жалпы, Алматы облысында жыл басынан бері рұқсат етілмеген орындарда сауда жасағаны үшін бір жарым мыңнан астам әкімшілік хаттама рәсімделген. Заң бұзушылықтар ең көп Еңбекшіқазақ, Іле және Қарасай аудандарында тіркелген. Ал Кеген, Райымбек, Жамбыл және Балқаш аудандарында рұқсатсыз сауда фактілері анықталмаған. Өңірде заңсыз сауданың алдын алу және кәсіпкерлерді ресми сауда орындарына көшіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.