Агломерация мәселесі
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында қала маңындағы елді мекендерді газдандыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және қала шекарасына жақын аумақтарда мектептер салу жайы қаралды. Тұрғындардың әлеуметтік әл ауқатын көтеріп, жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қандай бастамалар қолға алынбақ? Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Кездесуде ең алдымен Қарасай, Іле және Талғар ауданы тұрғындарын толықтай газбен қамту мәселесі қаралды. Қазір агломерация құрамындағы 188 елді мекеннің 140 тан астамы яғни 75 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Тағы 18 мыңнан астам абонентті газдандыру жұмыстары басталды. Барлық үй шаруашылықтарын табиғи газбен қамту мақсатында бірнеше жеңілдетілген бағдарламалар ұсынылады дейді мамандар.
ӘСЕТ МАСАБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Әлеуметтік аз қорғалған санаттағы азаматтарға немесе жағдайы жоқ азаматтарға газды әртүрлі қаржылық тетіктерді қолдана отырып газды кіргізіп беру мәселесі қаралды. Бұл жерде Алматы қаласында 2000 нан астам үй бізде 18 мыңнан астам үй шығып отыр. 4 әртүрлі тетіктері бар. Бұл жаңағы газ тарататын мекемелер қарызға дейді немесе созып беру несиесіз, пайызсыз. Және халық банк арқылы пайыздық деңгейде. Және нарықтағы компаниялар жабдығын сату арқылы газды қосып беру.»
Қос тарап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосылатын алты радиалды жол салу жобасына ерекше мән берді. Жауаптыларға жыл соңына дейін жұмыстарды бір жақты ету тапсырмасы жүктелді. Егер жоба сәтті жүзеге асса көлік қызметінің сапасы жақсарып, жол қозғалысы қауіпсіздігі артады деп күтілуде. Сонымен қатар, бірқатар елді мекенде 2026-2028 жылдары жаңа білім беру мекемелерін салу жоспарланып отыр. Үш ауысымды оқыту жүйесін жою мақсатында Іле, Қарасай және Талғар аудандарында жаңа мектеп құрлысын бастау жұмыстары қолға алынбақ.
ҚАЙРАТ ЖҰМАНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Жалпы, Алматы облысында бүгінгі таңда оқушы орындарының тапшылығы сақталып отыр. 2026–2027 оқу жылында бұл мәселе өзекті болып қала береді деп күтілуде. Соның салдарынан 23 мектепте үш ауысымды оқу жалғасады. Сонымен қатар, соңғы төрт жылда облыста 66 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 26 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Енді Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, агломерация шеңберінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.»
Енді шалғайдағы ауыл-аймақ жұртының қалаға қатынауы да әлдеқайда жеңілдемек. Жоспар бойынша Іле, Талғар ауданы мен Алатау қаласынан жүретін маршруттарды ұзарту жұмыстары қолға алынды . Сондай ақ, қалада сатылатын көмірдің 85 пайызын Алматы облысының тұрғындары тұтынады. Сондықтан да көмір базаларын қайта орналастыру жұмыстары шешілді. Мәселен Түрксіб ауданындағы бес көмір базасын көшіру жобасы пысықталды. Жалпы кеңесте агломерацияны тұрақты дамыту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және қала құрылысы бағытындағы жұмыстарды жеделдету қажеттігіне ерекше мән берілді.