Еңбекшіқазақ ауданында екі мектептің күрделі жөндеуі кешігіп жатыр
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан екі мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы өткізген мониторинг барысында белгілі болды.
Абылай хан атындағы мектепте жөндеу қарқыны өте төмен. Аудандық мәслихат депутаты Шолпан Қасымбаева жұмысшылар саны жеткіліксіз болғандықтан, процестің кешеуілдеп жатқанын айтты. Ал мердігер ұйым – «КазЕвроСтрой» ЖШС құрылыс алаңында 106 адам екі ауысымда жұмыс істеп жатқанын, ал негізгі ғимаратты тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Депутат жөндеу толық аяқталғанша апта сайын бақылау жүргізетінін жеткізді.
Қаныш Сәтпаев атындағы мектептегі жағдай біршама жақсырақ – жұмыстардың 90%-ы орындалған. Алайда мектеп ауласының абаттандырылуы сметаға енбей қалғандықтан, 1 қыркүйекке дейін толық дайын болмауы мүмкін. «Гунн Строй Сервис» ЖШС ғимараттың жөндеуін оқу жылы басталғанға дейін аяқтауға уәде берді. Ауланы абаттандыру жұмыстары тамыз айының ортасында басталады деп жоспарланып отыр.
AMANAT партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жақұповтың айтуынша, бұл екі нысан партияның ерекше бақылауында. Ол депутаттардың апта сайын нысандарға барып, кемшіліктерді тіркеп, тиісті органдарға депутаттық сауалдар жолдайтынын атап өтті.