Алматы облысындағы «13-ші саяжай» тұрғындарының мектепке қатынау мәселесі шешімін тапты

15 қыркүйек күні Алматы облысындағы «13-ші саяжай» тұрғындары балалардың мектепке қатынау қиындығын көтерді. Бұл мәселені шешу үшін өңірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим келіп, халықпен кездесті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим жағдайдың бақылауға алынғанын атап өтті.

Нұрлан Абдрахим, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
«Бүгіннен бастап мәселе толық бақылауға алынды. Ертеңнен, яғни 16 қыркүйектен бастап үш қосымша автобус қатынайтын болады. Сондай-ақ бағытты екі шақырымға ұзартуды тапсырдық. Бұл балалардың мектепке баруын жеңілдетіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды».

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы «13-ші саяжайға» ресми түрде ауылдық округ мәртебесі берілмек. Бұл шешім мектеп, балабақша және медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашпақ.

Ауыл тұрғындары қабылданған шараларға ризашылықтарын білдірді.

Ерлан Жансейітұлы, ауыл тұрғыны:
«Балаларымыз мектепке барғанда қатты қиналатын. Қосымша автобус бөлініп, бағыттың тұрғын үйлерге дейін ұзартылғаны біз үшін үлкен көмек болды. Енді болашақта ауыл статусын алып береміз деп отыр. Бұл жаңалыққа  қуанып отырмыз».