«BIR TOLQYNDA»: Алматы облысының жастары Президент Жолдауын талқылады

«BIR TOLQYNDA»: Алматы облысының жастары Президент Жолдауын талқылады
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Алматы облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауы ашық диалог алаңы форматында талқыланды. «BIR TOLQYNDA» атты кездесуді «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Шараға студенттер, жас кәсіпкерлер, еріктілер, инфлюенсерлер мен сарапшылар қатысты. Негізгі тақырыптар – жасанды интеллектіні дамыту, инновациялық стартаптарды қолдау, жастар кәсіпкерлігінің мүмкіндіктерін кеңейту және білім беру саласын цифрландыру болды.

Alatau Hub директоры Бексұлтан Нұрақын өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, Алматы облысы мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект құралдарына үйретуді алғашқылардың бірі болып бастаған. 500-ден астам қызметкер ChatGPT, Claude, Copilot, Midjourney және Sora платформаларын меңгерген. Сонымен қатар, өңірде 9 425 бейнабақылау камерасы AI функциясымен жұмыс істейді, ал мектептер мен балабақшаларда Face ID және QR-код арқылы кіру жүйелері енгізілген.

«Жастар жасанды интеллектіні тек тұтынушы ретінде емес, жаңа шешімдер авторы ретінде игеруі тиіс. Біз оларға мұндай мүмкіндік беріп отырмыз: no-code курстар, хакатондар және акселерациялық бағдарламалар арқылы», – деді Бексұлтан Нұрақын.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ауыл жастарына арналған тегін IT-курстардың санын көбейтуді, оқу процесінде жасанды интеллект құралдарын кеңінен пайдалануды және жастар кәсіпкерлігін қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынды.