Су үнемдеу технологиясы іске қосылды
Жамбыл ауданындағы егістік алқаптары су үнемдеу технологиясына қосылды. Ауданда 22 мың гектар алқаптың 11 мыңы осы жүйемен суарылады. Бұл өзгеріс жылдық өнімділікті едәуір арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жұмыс барысымен әріптесім Ақжан Анапия танысып қайтты.
АҚЖАН АНАПИЯ ТІЛШІ
“Ақсеңгір округінде 12 мың гектар егістік жердің 1300 гектары суармалы. Жамбыл жұрты су үнемдеу технологиясын тиімді пайдаланып, өнімділікті арттырып келеді. Егіс алқаптары игеріліп, халық игілігіне жарап тұр.”
Жайсан ауылындағы “Генофонд” серіктестігі былтыр су үнемдеу технологиясын іске қосып, өнімді мол жинады. 2024 жылы 300 гектар алқапқа жоңышқа егілсе, былтыр көрсеткіш 150 гектарға ұлғайды. Биыл суармалы жер көлемі 200 гектарға кеңейіп, мұнда жүгері дақылы мен, жоңышқа себілді. Енді 800 басқа арналған сүт-тауар фермасы салына бастады.
ЕРЖАН ҚАСЫМШАЛОВ
АҚСЕҢГІР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
“Енді бірінші кезекте әрине жаңа айтып отыр ғой, мына біздің мақсат - багара дейді, сол жердің бәрін суармалы егістікке айналдыру, бірінші мақсатымыз. Алдағы жоспар- шаруа қожалықтарын біріктіріп, жерді ұлғайту. Әрине мал, жайылымдар ба керек. Алайда қазір кормовой бірінші кезекте”
Ал “Берекелі ет” шаруашылығы екі мың басқа арналған мал бордақылау азығын қамтамасыз етпек. Осы бағытта ішкі жұмыс жолға қойылған. Су тапшылығы мәселесін 250 метр тереңдіктегі артезиан суы арқылы шешті. Су үнемдеу технологиясымен арпа, бидай, жоңышқа, жүгері және қызылшадан мол өнім алып отыр. “Тамшылап суару өндіріс қуатын біршама арттырды” - дейді мамандар.
ЕРБОСЫН МЫЛТЫҚБАЕВ
“БЕРЕКЕЛІ ЕТ” ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
“200 бастап бастап, 2000 басқа дейін жеткіздім. Саны қазір 8 трактор жұмыс істеп жатыр. Ешқайда сатпаймыз, өзіміздің Ұзынағашта бордақымыз бар. Биыл 300 гектар куруруз ектік, бидай 100 гектар, жоңышқа 300 гектар ектік. Арпадан 200 гектар ектік»
Екі шаруашылық та мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп отыр.
АЯН НҰРПЕЙІСОВ
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
“Енді су үнемдеу технологиясының өнімділігі өте жоғары. Бұл ауданның жоғары көрсеткіші деп айтсақ болады. Былтыр ауданда 2700 гектар су үнемдеу технологиясын қостық. Биыл 4100 гектарға қостық.”
Ауданда егістік алқаптарын суармалы егістікке айналдыру - басты мақсат. Бұл өзгеріс өңірдің агроөнеркәсіптік дамуына серпін береді.