Кегенде туризм дамиды

Кеген ауданында  жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Аймақта шыны көпір салынып, Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жол бой көтермек. Туризм инфрақұрылымын дамыту жобасына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. Қазір ауданда  электр желілері тартылып, жолдар жөнделіп жатыр. Жаңа жобалар жайлы тілшіміз Шұғыла Баймұхан баяндайды. 

Көлсай көлдері Алматы облысындағы туристер ең көп саяхаттайтын аймақ. Өткен жылы бұл мекенге келушілердің саны 50 пайыздан асып, рекордтық көрсеткіш орнатқан.

ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
«Былтыр дәл осы табиғаттың ғажап көркін көруге 600000 ға жуық саяхатшы келген. Олардың 30-40 пайызы шетелдік қонақтар. Ал биыл мұнда жыл басынан бері 60 мыңға жуық турист табан тіреген.  Табиғи қорық мәртебесіне ие болған бұл аумақта ерекше қорғауға алынған өсімдік пен жануарларды кездестіруге болады. Мәселен Көлсай маңайында Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаш түрлерінің бірі Тянь-Шань шыршасы кең таралған.»

Биыл бұл аумаққа 94 мың шіреңкі шыршасын егу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Көлсай көлдерінде эко туризм қарқынды дамып келеді. Туристік маршруттар жаңарып, қонақ үйлер саны күн санап артуда. 

БАҚЫТ ЖҮНІСОВ
«КӨЛСАЙ КӨЛДЕРІ» ҰЛТТЫҚ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Биылғы жылдың жоспарында Қайынды көлінде, Көлсай көлінде соқпақтарды жаңарту. Қайынды көлінде 450 м жаңа соқпақ саламыз. Көлсай көлінде 370 м ескі соқпақты жаңасына ауыстырамыз.»

Сондай-ақ, Қайынды көліне апаратын 10 шақырымдық жол салынып жатыр. Жауаптылардың сөзінше аталған жұмыс қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

ІЛИЯС ЖАНҰЗАҚОВ 
МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Республикалық трасса мен Қайындының жолын жасап жатырмыз. Тауды жыртып, әдемілеп жасап жатырмыз. Мына жер биік болған оны қазып қойдық. 

Көлсай мен Қайындыға жол тартқан туристер әдетте Саты ауылына аялдайды. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан жергілікті халық туризмге бет бұрды. Мейман күтуге әбден машықтанып, жаңа қонақ үйлер салып, сұранысқа сай қызмет көрсетуде. Қазір өлкеде 200 ге жуық  қонақ үй бар. Кәсібін дамытып жатқандардың бірі Тельман Темірғалиев. 

ТЕЛЬМАН ТЕМІРҒАЛИЕВ
КӘСІПКЕР
«Туризм саласы бойынша осы ауылда ең алғашқылардың бірі болып менің әкем бастаған. Әшейін өзіміздің тұрып жатқан өзіміздің үйіміз ғой. Соған төсектер қойып, машықтандырып бейімдеп дайындады. Содан тур фирма адамдарды жіберіп отырды содан басталған дүниеге ғой.» 

Қазір кәсіпкер 50 адамға дейін келушілерді қабылдап қызмет көрсете алады. Көл мен шатқалдың, тау мен тастың қақ ортасындағы ғажап өлке табиғатын таңырқай тамашалайтындар жыл он екі ай үзілмейді. Олардың басым көпшілігі әлемнің түкпір түкпірінен келетін шетелдіктер екен. 

ЖЮЛЬЕН ДОГУР
ФРАНЦИЯЛЫҚ САЯХАТШЫ
Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Сапарымыз Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орындар мен әсем табиғатты қамтиды. Біз Алматы өңіріне арнайы аялдадық, өйткені мұндағы табиғат ерекше көркем. Саяхатымызды Қайыңды көлі мен Көлсай көлдерінен бастадық. Жалпы, Қазақстанның алуан түрлі ландшафтары мен бай мәдениеті  бізге ұнап жатыр 

Таулы аймаққа өз бастамасын жүзеге асыруға инвесторлар келіп жатыр. Олар тың  жобаларды іске асырмақ.  

НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ
КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 
«Аласада үлкен заправка түсіп жатыр. ҚР дағы 1620 квадраттық ең үлкен заправка болып саналады. Ішінде электр қуатын да, газ да, қонақ үй де, супермаркеті де бәрі болады.  Оның ар жағында жеке кәсіпкер 250 млн үстінде жеке кәсіпкер қаражатын құйып туризм орталығын салып жатыр. Мем басшысының қолдауымен құны 21 млрд болатын кеден құрлысы басталды»

Бұдан бөлек гидроэлектр станцияларын cалу, электр қуатын өндіруді арттыру бойынша бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Жалпы өңірде 2025-2029 жылдарға құны 200 млрд.тан асатын жаңа жобалар ұсынылған. Арасында автотұрақ пен қонақ үйден бастап, шыны көпір мен аспалы жолға дейінгі 50 ден астам тың жоба бар.

Сондай-ақ оқыңыз: