Жүзден астам қызметкер еңбекақысын ала алмай отыр
Алатау қаласына қарасты Арна ауылындағы «Windoor Solutions» бетон зауытының жүзден астам қызметкері үш айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Басшылық жалақыны мамырдың соңында толық төлеуге уәде бергенімен, әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Оған қоса, мекеме жұмысшылардың заңды зейнетақы жарналары мен әлеуметтік пакеттерін де аудармаған. Зауыт алдына жиналған жұрт құзырлы органдардан араша сұрайды. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Бұл- айлық ала алмағандықтан амалсыз жұмыстан кеткен бұрынғы жұмысшылар. Мұндағы жүзден астам адамның ай сайынғы жалақысы -400 мың теңге шамасында. Зауыт директоры «қарыз маусымның соңына қарай беріледі» деп уақыт созып отыр. Ал мекемеге жоспардан тыс тексеріс жүргізген еңбек инспекциясы бұл мәселені сотқа жолдамақ. Өйткені, мемлекеттік орган берген ресми ұйғарымның мерзімі мамырдың 29-ы күні аяқталған.
БАУЫРЖАН ЖҰРЫНОВ
МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ
Ұйғарым берілген директорға. Ол ұйғарым бойынша, қалған қарызын жабу керек еді. Енді біз келдік бүгін, жаба алмайтын сияқты ғой енді. Біз енді ұйғарымның уақыты біткен соң, Алматы облысындағы жаңағы жеке сот орындаушыларға мына материалдардың бәрін береміз. Ары қарай осы сот... солар жасайды. Есепшоттарын арестке қояды, мына жұмысшылардың жалақысын алып береді
ЗКТ: Ал зауыттың техникалық директоры Дмитрий Моцыгиннің уәжі бөлек. Ол қаңтар мен ақпан айларының қарызы төленгенін айтып ақталады. Сөзінше, кәсіпорында нақты бекітілген келісімшарттар мен сауда болмағандықтан, құрылтайшы қаражатты сырттан іздестіруге мәжбүр.
ДМИТРИЙ МОЦЫГИН
ЗАУЫТТЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
Қазір бұл қарызды қолдан келгенше бөліп-бөліп төлеп жатырмыз. Өкінішке қарай, әлі нақты келісімшарттар бекітіліп, сауда жүрген жоқ. Бірақ құрылтайшымыз қаражат іздестіріп жатыр. Менің білуімше, наурыз айынан 13 миллион теңгедей берешек қалды. Ақпан мен наурыздың қалған бөлігін маусымның соңына қарай төлеуге уәде беріп отыр. Оған дейін зауытты ресми ашып, іске қоссақ, толық есептеседі деп ойлаймын.
Жұмысшылардың айтуынша, зауыт суды ешқандай рұқсатсыз, өз бетімен пайдаланып отыр. Нысанда өрт қауіпсіздігі сақталмаған және жоғары қысымды қазандықтардың рұқсат құжаттары жоқ. Одан бөлек, өндірістік қалдықтар мен лас су зауыт маңына заңсыз төгіліп, экологияны бүлдіруде. Ең сорақысы -мұнда еңбек қауіпсіздігі де ескерілмейді. Жоғары қысымды сумен жұмыс істеу кезінде қолын кесіп алған қызметкердің жарақатын басшылық елден жасырып келген.
ГЕННАДИЙ ОРЛОВ
ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ
зауыт жабылып қалмасын деп, отаны жасырын түрде жасауымды өтінді. Мен солай жасадым. Бұл 2 сәуірде болған оқиға. Дәрі-дәрімек алып емделіп ал деп қолыма 300 мың теңге ұстатты. Ал мен ота үшін 250 мың төледім. Содан бері міне, қолым әлі күнге дейін дұрыс жазылмады. Емімді жалғастыру үшін мен тағы 250 мың теңге несие алдым. Ал енді оны қайтару керек қой. Мен зауытты құтқардым, ал соңында өзім опық жеп отырмын.
ӘСЕТ ҚҰЛЫНШАҚОВ
ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Мына жерде міне су құбыры тұр, мына жерде жер пайдалану құқығынсыз, су пайдалану құқығынсыз, заңсыз су алып отыр міне. Мына зауыттың ешқандай жаңағыдай өрт қауіпсіздігі сақталмаған, ешқандай пожарный сигнализация жоқ. Сосын... котёл высокого давления дейді, сол заттардың ешқандай рұқсаттама қағаздары жоқ
Жалақыдан қағылып, әр өңірден нәпақа іздеп келген жұмысшылардың ендігі талабы-біреу. Олар зауытқа шұғыл түрде Үкіметтік комиссия жіберіп, кәсіпорын қызметін толық тоқтатуды сұрайды. Сауатсыз басқару мен заңсыздықтан шаршаған бұқара бұл мәселеге прокуратура араласпаса, наразылық шараларын бұдан да ауқымды түрде жалғастыруға бекініп отыр.