Заң және тәртіп
«Заң мен тәртіп» жобасы аясында Іле ауданында екі жүзден аса ата-ананың басын қосқан «Мектеп, ата-ана және қоғам» атты аудандық жиын өтті. Мақсат - жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Іле ауданында жыл басынан бері 24 қылмыс тіркелді. Оның үшеуі мектептегі оқудан тыс уақытта жасөспірімдер арасында болған. Жеткіншектер кешкі уақытта ата-ананың бақылауынсыз сыртта жүруі, мопед айдап, жол апатына себеп болуы сияқты түрлі оқыс оқиғалар жиі кездеседі.Ата-ана тәрбиесінің әлсіздігінен жүгенсіз кеткен балалар шалыс басып, қылмысқа бару бек мүмкін. Осы өзекті мәселені Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театры сахнада қойылым арқылы көтеріп, көрерменге терең ой салды.
ҚАЛАМҚАС СӘРСЕНБАЕВА
ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Отбасынан басталады тәрбие. Сол себепті бұл жерде болып жатқан оқыс оқиға болсын, құқықбұзушылық болсын ол полиция қызметкерлерінің не мұғалімдердің ғана міндеті емес, ол ең бірінші кезекте ата-ананың міндеті болып саналады.»
Шара барысында талқыланған өзекті мәселелердің бірі - жат діни ағымдарға бет бұрған жастар санының артуы. Бұған әлеуметтік желілерде таралып жүрген түрлі уағыздардың ықпалы орасан. «Рухани жұтаңдықтан туындайтын бұл мәселенің басты шешімі - отбасындағы дұрыс тәлім-тәрбиенің болуы» дейді мамандар.
ТИМУР НҮСІПХАНОВ
ТЕОЛОГ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Облыстық діни істер басқармасының мониторинг бөлімдері мамандарының мәліметінше түрлі тыйым салынған экстремистік зиянды уағыздарды тыңдаушылар, солардың қатарын көбейтіп жатқан да өкінішке орай жастар. Сол үшін жастардың тәрбиес өте маңызды.»
Жиында құқық қорғаушылар қылмыс жасап құрықталғандардың тағдырын мысалға келтірді. Психологтар «Ата-ана университеті» платформасын таныстырды. Платформада ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі. Бүгінде жүйеге облыс бойынша алпыс мыңнан астам ата-ана тіркелген.