Студенттер жұртты интернет-алаяқтардан қорғайтын арнайы бот әзірледі
Интернет-алаяқтық – XXI ғасырдағы ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда киберқылмыскерлердің әрекетінен келген шығын көлемі шамамен 30 миллиард теңгеге жетті. Азаматтарды қорғау бағытында қандай шаралар қолға алынып жатқаны туралы алдағы бейнематериалда тарқатамыз.
Бүгінде интернет-алаяқтық қоғам үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Алаяқтардың арбауына түсіп, қаржысынан айырылып жатқан азаматтардың саны азаймай отыр. Осыған байланысты өңірде тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
ЖАЙНАРБЕК МЫҢБАЕВ
ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Біз тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Әсіресе ата-аналармен кездесулерде интернет-алаяқтық пен жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Қазір интернетте оңай табыс табуды ұсынатын күмәнді хабарландырулар көбейген. Сондықтан азаматтарды сақ болуға шақырамыз.
Интернет-алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге жас ІТ-мамандар да өз үлестерін қосып келеді. Кездесу барысында олар интернеттегі сілтемелерді талдап, олардың қауіпсіздік деңгейін анықтай алатын арнайы жобаны таныстырды.
САНЖАР ҚЫЗЫР
БОТ ЖОБАНЫҢ АВТОРЫ
Негізі бұл проекті біз Нұрсаят екеуміз бір жыл бұрын ойластырып қойғанбыз. Өйткені менің жақындарымды алдағандар да болды, осы мошенниктардың құрбаны болды. Кейін Нұрсаят екеуіміз практика ретінде көрдік. Кибералаяқтар сияқты ойлап, практика істеп. Басында енді қиындықтар болды, түсінбей и 8 ай бұрын осы проекті бастаған болатынмын. Осы ақпарат қауіпсіздік технология бойынша.
НҰРСАЯТ ТӨЛЕН
ЖОБА АВТОРЫ
Шыныменде бұл негізі бізге қарапайым болып көрінгенімен, бірақ қарапайым халық үшін бұл түсініксіз болып көрінеді екен. Мысалға кәдімгі фишинг немесе әлеуметтік инженерия сияқты салаларды көп қолданып, адамдар өз деректерін өздері беріп жатады. Олардың алдын алу негізі оңай. Өйткені олардың көбіне қолданатын ең жақсы әдісі ол жаңа айтқандай әлеуметтік инженерия. Ол кез келген адамның сезіміне кіру арқылы көп адам өз ақпаратын өзі беріп жатады. Қазір бізде фишинг немесе номер арқылы кибералаяқтарды анықтауға негіз бар қазіргі біздің жасаған бот арқылы.
Жоба авторлары қазірдің өзінде пайдаланушыларға түрлі алаяқтық схемалардан сақтануға көмектесіп, инвесторлар мен ірі компаниялардың қызығушылығын тудырған. Алдағы уақытта команда интернеттегі азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді іске асыруды жоспарлап отыр.