Тұрғындар аманаты өңірлік форумы

Қонаев қаласында көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа тетіктері талқыланды. «Aманат» партиясының бастамасымен  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелер көтерілді. Жиында  пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жандандыру жолдары қарастырылды. 


Алматы облысының орталығында алғаш рет ұйымдастырылған бұл басқосу «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» деген атпен өтті. Негізгі мақсат-басқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, коммуналдық түйткілдерді жедел шешу. 


ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ
«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ 
«..Проблемалардың барлығының бетін ашып, талқылап, осындай алаңда партияның жанында құрылған алаңда мүмкіндік туып отыр. Енді осы жұмыс бүкіл өңірде жалғасады. 3000-нан астам осы ОСИ, КСК төрағалары қатысады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғын үй саясаты -билік пен қоғам арасындағы сенімнің басты өлшемі екенін  айтты. Тазалық пен тәртіптің әр адамның ішкі мәдениетінен басталатынын және мұның «Таза Қазақстан» бағдарламасымен сабақтасып жатқанын жеткізді.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Ең алдымен, жауапкершілік - әр адамның өз міндетін дұрыс әрі адал атқаруы. Бұл тек жалпы түсінік емес, нақты іс-әрекет: тұрғындар – тазалық пен тәртіпті, ортақ мүлікті сақтайды, заң бұзушылықты көрсе, тиісті органдарға хабарлайды, ал басқарушы ұйымдар – үйдің техникалық жағдайын қамтамасыз етіп, қызметтің сапасына жауап береді, полиция – қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Әркім өз рөлін орындағанда ғана жүйе жұмыс істейді.  Мұндай көзқарас қалыптасқанда ғана қоғамда шынайы өзгеріс болып, әр азаматтың ішкі мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі»

Жиында заңнамалық өзгерістер  айтылып, мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысы  сараланды. Мәжіліс депутаты Болат Керімбек үйді басқарудағы қаржылық ашықтық пен есептіліктің маңызына тоқталды. 

БОЛАТ КЕРІМБЕК
ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ 
«Жалпы, КСК да, ОСИ де қолданыста бар. ОСИ-дің құрылу себебі, КСК-ға альтернатива ретінде, балама ретінде, ОСИ-дің артықшылығы үйлерді басқаруға ашықтық, екінші, қаражаттың ашықтығы мен есептіліктің болуы. Және КСК бірнеше үйді басқаратын болса, ОСИ нақты бір үйге ғана бағытталған. Яғни, нақты мәселеге бағытталған ғой. Тоқетерін айтатын болсақ, бір үй, бір ОСИ және бір счет, есеп»

Сондай ақ саланың дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және партияның алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, партия қатарына жаңа мүшелер қабылданып, куәліктер тапсырылды. Көп жылдан бері пәтер иелеріне қызмет көрсетіп келе жатқан мамандар бұл басқосудан мол тәжірибе жинадық дейді.

 ТӘРБИЕ ЕРКІМБАЕВА
«ҚАПШАҒАЙ ПӘТЕР ҚЫЗМЕТІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
« Мен ойлаймын өкімет біздің жаңағы ескі үйлерімізге көп көмегі тиеді деп, шаралар қолданылады. Себебі, көп жұмыстар өткізіліп жатыр біздің Қапшағайда, гүлденіп келе жатыр Қапшағайымыз, көркейіп келе жатыр. Бұл форумның негізгі мақсаты біздердің тұрғын үйлердің, ескі үйлерге көмектесу. Содан кейін, жылда жылда осындай форумдар өтіп тұрса біздің жұмысымыздың тікелей бағдарламасына көмек болады деп ойлаймын»

Жоба аясында алдағы уақытта басқарушылардың біліктілігін арттыратын оқу семинарлары жалғасады. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қонаев қаласында коммуналдық мәселелелер қарастырылатын арнайы кеңсе ашу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз: