Алматы облысы мен Иран арасындағы ынтымақтастық нығая түспек

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмадимен кездесті. Жиында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері қаралды.

Тараптар сауда-экономика, құрылыс және білім беру салаларындағы байланыстарды дамытуға ниет білдірді. Әкімнің айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы саяси қарым-қатынас жоғары деңгейде болғанымен, өзара сауда көлемі әлі де жеткіліксіз. Осы орайда ирандық делегация жуық арада Алматыға ресми сапар жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін зерттемек. Сондай-ақ, Алатау қаласында жүзеге асатын жаңа жобаларға инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.

Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади:
«Бүгін біз Иран мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық мәселелерді талқыладық. Кездесу барысында Хорасан-Разави провинциясының губернаторы бастаған сауда-экономикалық делегацияның Алматы облысына сапарын ұйымдастыру ұсынылды», – деді.