Орман қорын молайту
Кеген орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасы жаңғырып келеді. Бұл шаралар өңірдегі табиғи ресурстарды қорғап, орман алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Тұйық ауылында өрт сөндіру бекеті бой көтермек. Атқарылып жатқан жұмыс барысымен тілшіміз Шұғыла Баймұхан танысты.
Кеген ауданындағы аумағы 89 мың гектардан асатын орман шаруашылығында 100-ден астам адам еңбек етеді. Биыл мекеме лизинг арқылы қажетті техникамен толықты. Сонымен қатар орманда 41 қызметтік үй бар. Биыл 2 үй салынады деп жоспарланып отыр.
НҰРҚАНАТ ПАТШАНОВ
ОРМАН КҮТУШІ
«Менің қарауымда 920 гектар жер бар. Оның 490 гектары орман алқабы. 141 ормансыз алқап. Осы орман күтушісімін. Орманды малдан, кейбір адамдар келіп отын дайындауы мүмкін соларды қадағалайм. Күнде таңертен атқа мініп аумақты аралаймын»
Орманшылардың жұмысы аумақтың тазалығы мен тыныштығын күзету ғана емес, өлкені көгалдандыру. Мамандар тау бөктеріне тұқымбақта өсірілген шіреңкі шыршаларын отырғызады. Мәселен бүгінге дейін 264 гектар аумаққа 1 миллионнан астам қылқан жапырақты көшет тамыр жайды.
АЙБОЛАТ СОЛТАНҒАЗИЕВ
«КЕГЕН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ММ ДИРЕКТОРЫ
«Біздің негізгі мақсатымыз орманды қорғау, молықтыру, өсіру. 2025 жылы 20 гектар жерге 120 мың көшет тау бөктеріне егілген, биыл 100 мыңдай көшет 15 гектар жерге тау бөктеріне егіліп жатыр. Біздің өзіміздің тұрақты тұқымбақта және базовый тұқымбақта көшеттер артығымен дайын деп айтсақ болады»
Сала мамандары тұқым қорын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлуде. Соңғы бес жылда 1400 келіден астам сапалы тұқым жиналған. Жалпы Кеген ауданында орман қорын молайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде дейді жауаптылар.