Жолдар жөнделеді
«Алматы – Бішкек» және «Алматы – Талғар» бағытындағы күре жолдар кеңейтіледі. Өңірдегі өзекті жол мәселесінің бірі - жолдардағы көлік кептелісі. Алматы облысына жұмыс сапарымен келген премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев алдымен республикалық маңызы бар тас жолды жаңғырту жоспарымен танысты. Одан бөлек өңір экономикасына серпін беретін бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
Алматы–Бішкек тас жолының 19 бен 27-ші шақырым аралығы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Жоба аясында екі ірі жол айрығы салынып, жаяу жүргіншілерге арналған тоғыз көпір бой көтермек. Ал Алматы – Талғар бағытындағы күре жолдың 7 шақырымы төрт жолақты болады.
ЖАНАТ ӨТЕПБЕРГЕНОВ
«ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Қазіргі таңда аталған Алматы-Талғар жобасы қазір мемлекеттік сараптамада. Шамамен осы шілде айының соңында бітіреміз деген ойымыз бар, шығады деп сараптамадан. Содан кейін қаржы бөлінгеннен кейін бастаймыз»
Сондай ақ, вице-премьер Қарасай ауданындағы өндіріс орындарын аралады. «Алтын таға» компаниясы электр желілеріне арналған темірбетон тіректері мен заманауи сэндвич панельдер шығарады. «Қазір кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып, Қырғызстан мен Өзбекстаннан тұрақты тапсырыстар түсіп жатыр» дейді кәсіпорын басшылары
НҰРБОЛ БЕРІКБОЛҰЛЫ
«АЛТЫН ТАҒА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
« Ары қарай енді осы қазіргі өндірісімізді дамытсақ деген ойымыз бар және де сонымен қатар металлоконструкция іске қосылып жатыр. Ол жерде бізде карьерге арналған оборудованилар шығарылады және прицептер шығарылады. Осы бағытта дамытсақ деп отырмыз компаниямызды»
Бүгінде Алматы облысында 6 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл өндірістік алаңдарда жаңа кәсіпорындар ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мысалы Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриялық аймағында жалпы құны 125 миллиард теңгеден асатын 26 жоба іске аспақ. Аймақ инфрақұрылымын дамытуға 10 миллиард теңге бағытталған. Мұнда жол, су, электр желілері мен теміржол қарастырылған.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
« Сұраныс болса салу керек. Өйткені енді кейбір өңірлерде салып қойған индустриялды айтмақтарды бірақ іші толып жатқан жоқ. Қанша инфақұрылымға қаражат кетті, ал ішінде мынандай ірі жобалар жоқ. Енді сіздерге шынын айту керек инвесторлар қатты қызығушылық танытады. Өйткені Алматы қаласының жанында, логистика жақсы, аэропорт, дүниежүзінен рейстер ұшып жатыр. Мынаның бәрін қарайды ғой. Табиғаты да жақсы. Жағдай жасау керек тағы. Сұраныс болып жатса, мұндай индустриялды аймақтарды көбейте беру керек. Біз де енді қараймыз. Үкімет басшысымен ақылдасамыз, көмектесеміз»
Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Қонаев және Алатау қалаларының даму жоспарымен танысты. Қазір өңірде инвестициялық жобалар саны артып, өндіріс, құрылыс және тұрғын үй саласында өсім байқалады. Сонымен қатар жаңа қала аумағында инженерлік инфрақұрылым тарту, бос жер мәселесін шешу және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.