Ірі өндіріс аймағы ашылмақ

Алматы агломерациясындағы 4 миллион тұтынушының азық-түлік себетін негізінен Еңбекшіқазақ ауданы қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын 50 мың тонна алма мен 78 мың тонна сүт өндіретін аймақ еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіп орталықтарының бірі. Ендігі меже — шикізатты терең өңдеп, өндіріс ауқымын одан әрі кеңейту. Бұл туралы бүгін брифингте аудан әкімі Рүстем Исатаев мәлімдеді. Ол үшін ауданда 244 гектарды құрайтын «Шелек» индустриялық аймағы бой көтеруде. 

Елімізде тұтынылатын алманың төрттен үші біздің облысқа, оның ішінде басым бөлігі осы Еңбекшіқазақ ауданына тиесілі. Ауданда бірнеше ірі серіктестік бар. Соның бірі — «Баймене». Кәсіпорын алманың 8 түрін өсіріп, жыл сайын нарыққа 6 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Өнімді сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорын табиғи алма шырынын да дайындап, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Жалпы, облыстағы суармалы жердің 36 пайызы мен алма бақтарының 62 пайызы да осы ауданға тиесілі.

РҮСТАМ АМЕТОВ
«БАЙМЕНЕ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
- Бізде 200 гектарға жуық аумақта алма өсіріледі. Сақтау қоймамыз бен шырын шығаратын цехымыз бар. Негізгі бағытымыз — өндірісті ұлғайту. Әзірге бірнеше жобамыз бар. Оларды жақын арада жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырсақ деп отырмыз.

Аудан тек алмамен ғана емес, көкөніс өндірісімен де өңірде көш бастап тұр. Жыл сайын мұнда 60 мың тонна қызанақ, 49 мың тонна бұрыш пен қияр жиналады. Аудан басшысының айтуынша, бұл — мегаполис пен облыс халқының қызанаққа деген сұранысын 140 пайызға, ал бұрышқа деген сұранысын 150 пайызға артығымен жабуға мүмкіндік беретін көрсеткіш. Өнімді бұзбай сақтау үшін ауданда жалпы сыйымдылығы 37 мың тоннадан асатын 26 арнайы қойма жұмыс істейді.

РҮСТЕМ ИСАТАЕВ
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгінде Алматы қаласы мен облыстағы 4 миллион адам — біздің шаруашылықтар үшін ең жақын әрі ірі тұтыну нарығы. Ауданымызда жиналатын қызанақ пен бұрыш көлемі осы нарықтың қажеттілігін толық әрі артығымен қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ біз Ислам даму банкінің қатысуымен 49 миллиард теңгеге суару желілерін қайта жаңарту жобасын бастамақпыз.

Брифинг барысында аудан басшысы «Шелек» индустриялық аймағына баса назар аударды. Өйткені оны өңірдегі агроөнеркәсіпті индустрияландырудың басты алаңына айналдыру жоспарланып отыр. Жер көлемі — 244 гектар. Мұнда инженерлік желілер, электр, газ және жол инфрақұрылымы белсенді түрде салынып жатыр. Мақсат — шикізатты сыртқа сатпай, өзімізде терең өңдеп, дайын әрі сапалы өнім ретінде нарыққа шығару.

РҮСТЕМ ИСАТАЕВ
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Қазіргі таңда мұнда инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды алдағы 10–11 айдың ішінде толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар инвесторлар тарту бағытында да белсенді жұмыс жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз — сапалы әрі ірі инвесторларды тарту. Еңбекшіқазақ ауданының жері өте шұрайлы, су қоры мол. Сол себепті негізгі бағытымыз — азық-түлік кластерін дамыту.

Брифинг барысында аудан басшысы тұрғындарды толғандырған өзекті сұрақтарға да жауап берді. Мәселен, газ тарифінің көтерілу себептерін түсіндіріп, Есік қаласындағы көшелерді жөндеу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ Түрген, Саймасай және Ават ауылдарында электр кернеуін реттеу үшін 8 трансформатор жаңартылмақ. Ал Қызылжар ауылын ауызсумен қамту кезінде мердігер тарапынан жіберілген кемшіліктер заң аясында реттеліп, тұрғындар 15 қарашаға дейін таза суға қол жеткізетіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз: