Өңірлік экологиялық саммит
Астана жаһандық климаттық диалогтың орталығына айналды. Елордада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитке Орталық Азия елдерінің басшыларымен қатар, Грузия, Армения және Моңғолия елдерінің президенттері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері қатысуда. Бұл аймақтағы экологиялық мәселелерді шешуге арналған соңғы жылдардағы ең ірі әрі мазмұнды жиын. Самиттың алғашқы күні жайлы Дастан Маратұлы тарқатады.
ДАСТАН МАРАТҰЛЫ
ТІЛШІ
«Бүгін Астанада саяси климат та, экологиялық талқы да қызып тұр. "Бір аймақ бір тағдыр" ұранымен басталған саммитке Орталық Азияның бес елі ғана емес, Каспий маңындағы көршілеріміз бен халықаралық ұйым басшылары жиналды. Бұл аймақтың су, энергия және таза ауа үшін күресіндегі ортақ позициясын айқындайтын тарихи алаң»
Бұл ауқымды саммит Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен өтуде. Жиынның ашылуында Мемлекет басшысы Жер шарын қорғауды ортақ парыз әрі стратегиялық басымдық деп атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Жер шарын қорғау ортақ міндетіміз. Бүгінгі саммит бізге осыны көрсетеді. Таразы басында адамзаттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл жай ғана экологиялық мақсат емес, керісінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы стратегиялық басымдық.
Саммиттің басты құжаты Астана декларациясы. Бұл құжат аймақ елдерінің 2030 жылға дейінгі экологиялық серіктестігін бекітіп, жасыл технологиялар мен ресурстарға тең қол жеткізуді көздейді. Саяси шешімдермен қатар, бұл жиынға әлемдік алпауыт компаниялар да белсенді қатысуда. Өйткені экологиялық жауапкершілік ірі өндіріс орындарының басты бағытына айналған.
НОРБЕРТ ЖАЛЛЕ
«ҚАРАШЫҒАНАҚ ПЕТРОЛЕУМ ОПЕРЕЙТИНГ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл сессиялар бізге маңызды. Компаниямыз экологиялық қауіпсіздікті басты бағыт етіп алған. Өзіміздің экоорталық арқылы қалдықтардың 80 пайызын қайта өңдеп, кәдеге жаратамыз. Сонымен қатар, БҰҰ-ның метан эмиссияларын азайтуға бағытталған арнайы бағдарламасына қосылдық. Бұл біздің қоршаған ортаны қорғауға қосқан нақты үлесіміз»
Саммите белгілі болғандай соңғы жарты ғасырда аймақтағы мұздықтардың көлемі 30 пайызға қысқарған. Бұл болашақта трансшекаралық су дағдарысына әкеп соғуы мүмкін. Дәл осы мәселенің шешімін табу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық көрменің маңызы зор. Мұндағы 120-дан аса павильонда 240-тан астам қатысушының озық бастамалары ұсынылған. Көршілес мемлекеттермен қатар, еліміздің әр өңірі жаңартылатын энергия, қалдықтарды өңдеу және экологиялық туризм саласындағы жетістіктерін паш етті. Бұл ретте Алматы облысының павильоны өзінің мазмұндылығымен ерекшеленді. Өңіріміз көрмеге 10-нан астам экологиялық таза өнім түрін ала келген. Сондай ақ павильонда көрсетілген жаңа технологияларды да облысқа енгізу мақсаты тұр.
БАҚЫТНҰР БАҚЫТҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Электро автобустарымыз өздері жүретін біздің осы ұлттық парктарға лайықты деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда әлі серийный пройзводстваға шықпаған, біарқ алайда осы келе датқан жылдарда осы автобустарды аудандардағы жаңағы біщдің туризм бағытына компанлияларға біздің ұлттық парктерге енгізсек жақсы болады деп ойлаймыз»
ДАМДИНСУУРЕН СУГАР
МОҢҒОЛИЯ ДЕЛЕГАТЫ
«Маған Алматы облысының көрмесі қатты ұнады. Осында алғаш рет шұбаттың дәмін таттым, өте ерекше екен. Шұбаттан жасалған өнімдердің түрі де көп екенін білдім. Бұл нағыз экологиялық таза өнімнің үлгісі. Келесі жолы Қазақстанға келгенде, міндетті түрде осы облысты аралап көргім келеді»
«Экологиялық саммит елорда төрінде әлі екі күнге созылады. Алда инвестициялық форумдар, стартаптар байқауы мен экологиялық кино фестивалі жоспарланған. Ал басты нәтиже Орталық Азия елдерінің 2030 жылға дейінгі экологиялық ынтымақтастық туралы тарихи Декларациясы болмақ. Бұл құжат аймаққа миллиардтаған инвестиция тартуға жол ашпақ.