Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті
Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Сөз алған Мемлекет басшысы аймақтарды дамытуда бюджет қаражатын тиімді жоспарлау керектігін ескертті. Өткен жылы ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асқан.
Ал бір округтің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жеткен. Биыл ауылдық округтерге жаңа кіріс көздері беріледі. Оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен жерасты суларын пайдалану төлемдері бар. Бұл қаражат ең алдымен сол аумақтардың дамуына бағытталуы тиіс. Президент елде жаңа индустриялық құрылым қалыптасып жатқанын сөз етті. Былтыр 190 өндіріс орны ашылса, биыл тағы 200-ге жуық кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр - бұл мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Сондай ақ Президент референдумға тоқталды. Конституциялық түзетулер арқылы әділеттілік пен құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту - басты мұрат. Заң нормасына сәйкес, жемқорлық жасау қатаң жазаланып, жеке тұрғын үй меншігіне қол сұғу әрекетіне жол берілмейді. Бүған қоса жеке деректер мен банк құпиясын қорғау нормаларын енгізу көзделген. Президенттің айтуынша, бұл өзгерістер елдің тұрақты дамуына және жаңа саяси модельдің қалыптасуына негіз болмақ.