Өсімдік өсіру

Еңбекшіқазақ ауданындағы дендрологиялық паркте 700-ге жуық ағаш түрі өседі. Биыл мұнда қалемшелеу арқылы көбейту әдісі қолға алынды. Бұл тәсіл өсімдіктердіңтез бейімделіп, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал биыл ерекше сұранысқа ие өсімдік түрі қандай? Толығырақ келесі сюжетте.

Есік дендропаркінің аумағы 365 гектар. Мұнда жүзден астам қызметкер өсімдік түрін көбейтудің түрлі әдісін тауып, іс-жүзінде де жүргізіп келеді. Мәселен биыл парк зертханасында биотехнология және микроклондық көбейтумен ғана емес, өсімдіктерді жасыл қалемшелеу және тұқым арқылы көбейту әдісін де қолданып бастады. Жұмыс корей жүйесімен салынған автоматтандырылған жылыжайда жүреді.  Мұнда температура мен ылғалды бақылау жүйесі орнатылған. Ауа температурасы 20–22 градустан жоғарылаған жағдайда желдеткіш терезелер автоматты түрде ашылып, ауаны салқындатуға суару жүйесі қосылады.

ОКСАНА НОВАК
ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ 
«Жылыжайда біз қылқанжапырақты және бұталы өсімдіктерді өсіреміз. Ал тұқым арқылы жапырақты ағаш түрін көбейтеміз.  Өсімдіктердің басым бөлігі қысқа төзімді. Қазір қылқанжапырақты өсімдіктерге тәжірибе жасап жатырмыз. Бұрын жасыл қалемшелеу мамыр айында жүргізілетін. Ал биыл бұл кезеңді наурыз айынан бастауды жөн көрдік. Қазір өсімдіктер солған жоқ»


Иә, жасыл қалемшелеу – кең тараған әдіс. Бұл тәсілде өсімдіктің әлі қатайып үлгермеген жас өркені кесіліп, көбейтуге пайдаланылады. Ал қатайған қалемше әдісінде өсімдіктің бір жылдық немесе толық қатайған бұтақтары алынады. Тәжірибелі маман Татьяна бұл әдістердің тиімділігін атап өтті. 


ТАТЬЯНА ЯУШЕВА 
УЧАСКЕ ШЕБЕРІ 
«Биыл біз қатайған қалемшелермен көбейту әдісін тәжірибеге енгіздік.  Ақпан айында қажетті көшетті дайындап, бұталы өсімдіктерді жылыжай ішінде тамырландырдық. Оның қатарында тал, аласа дерен, көпіршікжапырақ, вейгела секілді бұта түрі бар. Жасыл қалемшелеу мен қатайған қалемшелер арқылы көбейтудің айырмашылығы едәуір. Әсіресе жұмыс жүргізілетін мерзім мен өсімдіктің тамыр түзу ерекшеліктері әртүрлі болады»


Жұмыстың бәрі парк аумағынан аспайды. Тұқым осы маңнан алынып, арнайы учаскеге себіледі. Одан алынған көшеттер зертханада тексеріледі. Кейін олар жылыжайда өсіп, дендропарк ішіндегі алқапқа отырғызылады. Биыл құмыраға отырғызу тәжірибесі де енгізіліп отыр. Бұл өнім сатылымын арттырып, маусымдық тәуелділікті азайтуға бағытталған. Яғни, өсімдіктерді жыл бойы сатуға мүмкіндік жасау көзделуде. Қазір сұранысқа ие өсімдік – боз арша мен көпжылдық бұталар. Учаскеден алса оның бағасы екі есе қымбат. 

АЙБЕК ҚОЖАБЕКОВ 
ЕСІК ДЕНДРОПАРКІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазып алған кезде майдан кейін уже тамырланып, бүршік жарып кеткеннен кейін ағаштар ауырады. Ал бұл горшокта тұрған ағаштар ауырмайды. Алып еге беруге болады да. ,,,,дайындап технологиясымен ексе сразу өнім беріп алып кетеді ары қарай. Сатылымға біз 84 түрлі ағаш қойдық. Қылқанжапырақты, жалқанжапырақты, кустариниктеріміз бар.» 

Сондай ақ дендропаркте сегіз мыңға жуық сиверс ағашының отыз бес түрі өседі. Алма бақ жылына 120 тонна өнім беріп отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз: