Ата Заң – Әділетті Қазақстанның берік негізі
Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің берік іргетасы. Негізгі заңда қоғамның басты құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары және Қазақстанның даму бағыты айқындалған.
Жаңартылған Конституцияда заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және демократиялық институттарды нығайтуға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту, инновацияларды енгізу, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және адами капиталды нығайту елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгіленген.
Негізгі заңда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және волонтерлік қызметті қолдау мәселелері де қамтылған. Бұл қағидаттар қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңартылған Конституция Әділетті Қазақстанды құрудың берік құқықтық негізіне айналды. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және еліміздің одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде Конституцияда бекітілген құндылықтар Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болып отыр.