Конституция: Қазақстандағы мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен айқындалған
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Негізгі заңда мемлекеттік тілдің мәртебесі бекітіліп, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуына құқықтық негіз қаланған.
Сонымен қатар Конституцияға сәйкес, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылады. Бұл норма мемлекеттік басқару жүйесінде тілдік құқықтардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Негізгі заңда Қазақстан халқының барлық тілдеріне құрметпен қарау қағидаты да көрініс тапқан. Мемлекет елімізде тұратын этностардың тілдерін үйренуге, сақтауға және дамытуға қажетті жағдай жасауға кепілдік береді.
Конституцияда бекітілген тіл саясаты қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдени әралуандылықты сақтауға және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған.