Жаңа Конституция күшіне енді
1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдумда мақұлданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде толықтай күшіне енді. Осы тарихи сәтте Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен және жастармен арнайы кездесіп, негізгі заңның маңызын талқылады. Жиында мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртатын реформалар сөз болды.
Алқалы жиын ел дамуының жаңа кезеңін айшықтады. Облыс басшысы жаңа Ата Заң мемлекеттілігіміздің іргетасын бекемдеп, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыратынын атап өтті. Жаңа Конституцияға сәйкес, ел басқару ісіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіліп отыр. Ендігі жерде халықтың үніне құлақ асатын, нақты нәтижеге бағытталған мемлекеттік аппарат қана сапалы жұмыс істері анық. Саяси реформалардың басты өлшемі азаматтардың сенімі мен қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты «заң үстемдігіне, мүмкіндіктер теңдігіне, биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне және азаматтардың құқықтарын бұлжытпай сақтауға негізделген Әділетті Қазақстанды құру.
Жиында жаңа Конституцияның әлеуметтік бағыты да жан-жақты сөз болды. Ата Заң азаматтардың құқығын қорғауға, бизнеске қолдау көрсету мен экологиялық мәдениетті дамытуға баса мән берген. Әсіресе, елдің ертеңі өскелең ұрпақ десек, Негізгі заңда білім мен ғылым саласы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілді. Осы ретте Алматы облысында биыл білім саласына 409 миллиард теңгеден астам қаражат қаралған. Өңірде соңғы үш жылда 69 мектеп бой көтерсе, алдағы уақытта тағы 11 білім ошағы салынбақ. Бұл жұмыстар мен облыс аумағында бой көтеріп жатқан «Алатау сити» мега-жобасы өңірдің дамуына жаңа серпін бермек.
АЛИНА КАН
ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
«Жас ұрпақ жалпы Әділетті Қазақстанды құрудағы, құруға бағытталған реформалардың белсенді қатысушысы болуы тиіс. Біз жастарды, негізі болашақ деп айтамыз, болашағымыз жастарда, бірақ негізі болашақ бүгінде. Бүгінгі шешімдерде, бүгінгі жауапкершілікте, соныдықтан да жаңа Конституцияны біз жастар қолдаймыз».
Алқалы жиын барысында өңірдің белсенді азаматтары, кәсіпкерлері мен жас өкілдері де мінберге шығып өз пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан конференцияға қатысушы бірқатар азаматтар мен зиялы қауым өкілдеріне Жаңа Конституцияның арнайы басылым кітабын табыс етті.