ЖОСПАРЛЫ ИНСПЕКЦИЯ
Алматы облысында құны ондаған миллиард теңгені құрайтын ірі жобалар көбейіп келеді.
Бүгін аймақ басшысы өңірдегі осындай бірқатар маңызды құрылыс алаңдарын аралады. Сорғы станциялары мен тазарту құрылғылары, жаңа мәдениет үйі мен емдеу орталықтары, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Олардың көбі жақын жылдары ел игілігіне берілмек.
Әкім сапары алдымен Қонаев қаласындағы №4 жағажайдан басталды. Мұнда жеке инвестор демалыс аймағын жаңғыртып жатыр. Сәтін салса, келесі жылы бұл жерде бассейні бар заманауи мейрамхана кешені бой көтереді.
ДУМАН ЗЕЙТЕНОВ
«DAMELI COMPANY» ЖШС ӨКІЛІ
«Бұл жағажайды биыл Өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы алған болатынбыз. Қазір жұмыс қарқынды. Бастапқыда отель саламыз деп жоспарлағанбыз, бірақ "Рауан" шағын ауданының тұрғындары қарсы болды. Кейін халықпен ақылдаса келе, ортақ мәмілеге келдік. Енді аумағы 380 шаршы метр болатын мейрамхана мен үлкен бассейн салатын болдық».
Облыс орталығының ауқымы кеңейген сайын, инфрақұрылымға түсетін салмақ та артып отыр. Сондықтан шаһардағы ағын су жүйесін жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Қазір мұнда жүзден астам маман мен ондаған техника жұмыс істеп жатыр. Нысан іске қосылғанда, кешен тәулігіне 25 мың текше метр суды тазартуға қауқарлы болады.
Мұнан соң облыс әкімі Шеңгелді ауылдық округіндегі «Smart Adam Agro» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бүгінде инвесторлар 900 гектар алқапты игеріп, жоңышқа, қызанақ пен күздік дақылдар еккен. Алдағы уақытта суармалы жер көлемін ұлғайтып, өнімді өңдеу ісін қолға алмақшы. Жобаның жалпы құны 1,2 миллиард теңге.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа жерлерді игеріп, сорғы станцияларын іске қосып жатқандарыңыз өте жақсы. Өйткені бұл станциялар бойынша жағдай оңай емес еді. Биыл бірнеше жеке инвестор келіп, жұмыс істей бастады. Мұның бәрі жерді тиімді суаруға мүмкіндік береді. Инвесторлардың келгені қуантады, алдымен жерді игеріп, кейін сусыз іс өнбейтінін түсініп, сорғы салып жатыр. Міне, үшінші кезеңде электр қуатын өндіруді де қолға алдыңыздар.
Өңір басшысының сапары Қарасай ауданындағы «Ақсай карьер» кәсіпорнында жалғасты. Әкімге өзендегі ахуал мен тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары баяндалды. Бүгінде қауіп сейілген, су деңгейі қалыпты. Арнайы қорғаныс бөгеті салынып, жағалауды бекіту шаралары жүріп жатыр. Инспекция бұдан кейін Боралдай кентіндегі жаңа Мәдениет үйінің құрылысына ауысты. 280 орындық қос қабатты өнер ордасы осы жылдың тамыз немесе қыркүйек айында есігін айқара ашпақ. Сонымен қатар облыста денсаулық сақтау саласына да басымдық берілген. Биыл бірқатар ірі емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өтеді. Соның бірі Қарасай ауданының көп бейінді орталық ауруханасы. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, мұндағы инженерлік желілер мен ота жасау бөлімі толық жаңарып, дәрігерлер мен науқастар үшін жайлы жағдай жасалады.
ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда мердігердің айтуынша, жұмыстың 80 пайызы бітті. 1 қазанға дейін негізгі ғимараттарды, яғни емхана мен қосалқы нысандарды толық өткіземіз. Ал 1 желтоқсанға таман стационардың бас корпусы дайын болады. Емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады, ал стационар 605 төсек-орынға лайықталған. Мұнда барлық коммуникация желілері жаңарып, ота жасау бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталады.
Сапар соңында облыс әкімі барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды. Нысандардың басым бөлігі таяу бір-екі жылда іске қосылып, өңір экономикасының серпінді дамуына серпін бермек.