Қонаевта ардагерлермен маңызды кездесу өтті
Ұрпақтар сабақтастығы – аға буынның ақылын кейінгіге аманаттап, жастардың ізетпен қабылдауынан көрінетін тағылымды дәстүр. Бүгін Қонаевта маңызды кездесу өтті. «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов ардагерлермен жүздесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Алматы облысында 150 мыңнан астам ардагер бар. Өңірдегі қариялардың басын қосып отырған 340-қа жуық бастауыш ұйым жұмыс істейді. Олар мектептерге барып, оқушылармен кездеседі. Ал облыстағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының аудандық филиалдарына 2700-ге жуық қария жиі барады. Мұнда олар спортпен шынығып, шығармашылықпен айналысады.
ҰЛТУСЫН БАРҚЫНОВА
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ «АСЫЛ АНА» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
"Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Өйткені біздің президентіміз жастар үшін, қоғам үшін үлкен жеті бағытты белгілеп берді. Оның ішінде жастармен жұмыс әсіресе біз үшін үлкен мағынасы, мәнісі зор"
Кездесуде жастарға жағдайы қозғалды. Несиеге тәуелділік, құмар ойынға әуестік және отбасылық өмірдің алғашқы қиындықтарына төтеп бере алмау сынды қоғамдағы өзекті мәселелер сөз болды.Ардагерлердің пікірінше, бұл түйткілдерге көз жұма қарауға болмайды. Жастармен сөйлесіп, мұндай қадамдардың түбі неге апарып соғатынын байыппен түсіндіру қажет.
ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВ
«АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» РҚБ ОРТАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
"Қазіргі уақытта көптеген ажырасу деген бар. Жастарымыз интернет арқылы үйленетіндер бар, басқа жағдайлар деген бар. Осы жағынан ардагерлер күш салысып, бұрынғыны еске алып дегендей, дұрыс бағытта жұмыс жасауымыз керек"
Аға буын мұндай диолагтарды бір реттік акция емес, жүйелі түрде өткізуді жөн деп тапты. Жастарға үлгі болып жүрген ардагерлерге Орталық кеңестің құрмет белгілері мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.