Қараңғы жол

Жол мұраты — жету. Өңірде инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатқанымен, жүргізушілердің көңілінен шықпайтын бағыттар да жоқ емес. Соның бірі - 124 шақырымдық «Қонаев – Бақанас» тас жолы. Кеңес дәуірінде салынған бұл жол бүгінгі талаптарға сай болмай тұр. Жыл сайынғы ағымдағы жөндеу мәселені түбегейлі шешуге жеткіліксіз. Өңірдегі заманауи автобандармен салыстырғанда, күрежолдың  инфрақұрылымы әлі де кенжелеп келеді. Бұл Балқаш ауданын облыс орталығымен жалғап жатқан негізгі стратегиялық бағыт. Мұнда тәулігіне 900-1000 жуық көлік қатынайды. Адам санымен есептегенде күніне 3-5 мың адам деген сөз. Жергілікті тұрғындар мен жолаушылар  түнде жүруге жүрексінеді. Себебі түнгі инфрақұрылым жоқ. Оның үстіне, қараңғыда жолға кенеттен шыға келетін иесіз төрт түлік тағы бар. Салдарынан, жүргізушілер түнгі уақытта тек айдың сіулесі мен көліктің жарығына сүйенеді. 

ЕСБОЛАТ МЫҚТЫБАЕВ
КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ
«Түнде жүрген қиын мына жолда. Свет жоқ, ары-бері жүргенге. Мал көп мына жағада, екі жағында. Енді ақырын жүреміз, бірақ енді мал көп те мына трассаның бойында. Бір светпен не болса, қоршау болса екі жағында сәл дұрыс болады»

Жаз мезгілінде Балқаш  өңіріне бару үшін бұл ең негізгі әрі қысқа бағыт. Балама жолдар ретінде Күрті немесе Шеңгелді ауылы арқылы өтетін жолдарды атауға болады. Бірақ ол  топырақ жол. Сондықтан тұрғындар осы тасжолды таңдайды. Облыстың өзге аумақтарында жолдар толық қырылып, жаңадан асфальт төселіп жатқанда, бұл бағыт әлі де күрделі жөндеу көрмей келеді. Тек ойлы-шұңқырлары ғана жамалып отырады.

НҰРДӘУЛЕТ АСҚАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ МЕН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Интенсивностьке қарай... қарай қой енді. Бақанасқа қарай енді көп десек қателесеміз, өйткені қаражат өте көп кетеді, төрт жолаққа дейін кеңейту. Және ол жол қазір межремонтный сроктан әлі өткен жоқ. Ол кезінде ремонт жасалған, бізде межремонтный срок бар, соған байланысты әлі уақыты келген жоқ»

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, «Қонаев - Бақанас» трассасы аймақтағы ең қауіпті жолдардың бірі саналады. Себебі жол небәрі екі-ақ жолақты. Көлікті басып озу үшін қарсы бағытқа шығуға тура келеді. Оған қоса, жол жиегі де өте тар. Жолдың екі жағы далалық аймақ болғандықтан, қараңғы түсе мал мен жабайы аңдардың жолға шығып кету қаупі жоғары. Ал жарықшамдар тек елді мекендердің маңайына ғана орнатылған.

НҰРДӘУЛЕТ АСҚАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ МЕН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Толық жарықтандыру қою өте қымбатқа түседі. Өйткені жолдың бойында населенный пункттар аз. Және біз басқарма тарапынан жарықтандыру орнату қарастырылмаған. Өйткені ол тек қана күрделі жөндеу, реконструкция кезінде өзге проектке салынып, сол кезде ғана оған орнатылады. Ал бөлек, жергілікті атқарушы орган тарапынан в рамках благоустройство освещение қоюға болады»

Қорыта айтқанда Бақанас бағытындағы тасжолды кеңейту мен күрделі жөндеу басқарманың жоспарында әзірге жоқ. Жауаптылар мұны көлік ағынының аздығымен және жолдың қазіргі жағдайы орташа екендігімен түсіндірді. Сонымен қатар, мамандар жүргізушілерге жолда сақ болуды ескертеді. 

Сондай-ақ оқыңыз: