Сеулдегі маңызды саммит
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты. Жиында сауда-экономикалық байланыстардан бастап, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру және су қауіпсіздігіне дейінгі маңызды бағыттар талқыланды. Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Мемлекет басшысы өнеркәсіп пен технология саласындағы серіктестікті одан әрі күшейтуді ұсынды. Көлік-логистика саласында Қазақстан Орта дәліздің өткізу қабілетін арттыруға мүдделі. Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық серіктестікті одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.Қазір екі ел 51 жобаны бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
"Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды өз деңгейінде жүзеге асыру үшін корей кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетеді. Ол үшін Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленеді. Біз инвестициялық ахуалды дәйекті түрде жақсартып, шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеміз."
Сондай ақ бұған дейін Мемлекет басшысы Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен бірге Сеулдегі қазақ этноауылына барып, қазақтың қолөнері, ұлттық аспаптары мен заманауи мәдени жобаларын көрді. Кореяда білім алып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен кездесіп, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды.