Қала аумағы кеңейеді

Алдағы жылдары Қонаевтың келбеті айтарлықтай  өзгеруі мүмкін. Үкімет бекіткен жаңа бас жоспар бойынша шахар халқы 2050 жылға қарай 205 мың адамға жетуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 57 мыңға таяу. Сонымен бірге тұрғын үй саны артып, әлеуметтік нысандар ашылады. Бас жоспарға сәйкес – Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында Жаңа Іле ауданы пайда болады. Жаңа аумақта тұрғын үйлерден бөлек мектеп, балабақша мен мәдени нысандар бой көтермек. Жағалауда саябақтар, демалыс орындары мен туристік инфрақұрылым қалыптастыру көзделген. Тұрғын үй құрылысының ауқымы да айтарлықтай. 2050 жылға дейін Қонаевта 4,69 миллион шаршы метр жаңа баспана салу жоспарланған. Нәтижесінде жалпы тұрғын үй қоры 5,65 миллион шаршы метрге жетеді. Сонымен қатар қалада 250,4 гектардан астам жаңа жасыл аумақ пайда болуы тиіс.

БОЛАТ МҰСЫЛМАНБЕКОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ       
« Жаңа Іле жақ енді тың жер ғой. Тың жерден қала салу бір жағынан қиын, инженерлік жүйелер жоқ, бір жағынан жеңіл, өйткені ешқандай шектеу жоқ ол жерде. Бұл жерде тың жерде салғандықтан, жаңа технологияны пайдаланып, жаңа технологияда возобновляемый источник энергии дейді, қайтадан пайдаланатын энергия қуаттарын, жылу қуатын, күн сәулесі қуатын пайдалануға мүмкіншілік бар.»

Бас жоспарда көлік инфрақұрылымына ерекше орын берілген. Қонаев пен Жаңа Ілені байланыстыратын жаңа автомобиль көпірі салынады. Қалада жаңа теміржол вокзалы пайда болып, транзиттік автомобиль және теміржол ағындарын қаланың сыртына шығару көзделген. Бұдан бөлек, Қонаевтың солтүстігінде халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салу жоспарланып отыр. Әуежаймен қала арасында автобус және жеңіл рельсті көлік қатынасы ұйымдастырылмақ. Ал болашақта LRT бағытын Алматыға дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

-    Облыста болғаннан кейін областной больница салса деймін. Халық көп болған сайын адамдардың бәрінің денсаулығы бірдей емес қой, кейбірі ауырып қалады. Көбі Алматыға шапқылайды, Астанаға шапқылайды. Сол үшін облыс больницаларын салса. Жастарға оқу орындарын ашу керек. 
-    Болады деп айтып жатыр ғой. Училище де болады мына жерде, университет те болады деп, институтта болады деп. Ну думаем все будет хорошо. Метро болса жақсы болатын еді конечно. 
-    Бір жақсы театр болса, қазақтың қаншама күшті композиторлерінің концерттері болады, бәрі болады. Кішкентай ғана залда адам симай, көріп отырамыз. Сол менің ішімді ауыртатыны. Жақсы бір үлкен мәдени орталығы салынса.

АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ 
«Жоспарланған өзгерістер мұнымен шектелмейді. Қонаевты ірі білім және медицина орталығына айналдыру көзделіп отыр. Мұнда 36,7 мың студентке арналған университеттік кампус құрылып, жаңа ауруханалар мен медициналық орталықтар салынады. Қалада 16 шақырымнан астам жағалау кеңістігі, жағажайлар мен саябақтар пайда болмақ. Ал экономикалық бағытта фармацевтика, агроөнеркәсіп, мұнай-химия және өндірістік кластерлерді дамыту жоспарланған. Яғни жаңа бас жоспар Қонаевтың тек аумағын емес, қаланың болашақтағы өмір салтын да өзгертуді көздейді.»

Сондай-ақ оқыңыз: