Елімізде 7000 білім гранты иесіз қалды

2026 - 2027 оқу жылында еліміз бойынша бөлінген мемлекеттік білім гранттарының 7 мыңға жуығы иесіз қалған. Жалпы ел бойынша 127 мың жас конкурсқа қатысуға ниет білдірсе, оның 75 мыңнан астамы тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Гранттардың басым бөлігі инженерлік-техникалық бағыттарға берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, гранттардың 60 пайызы елдің индустриялық және технологиялық дамуына бағытталған мамандықтарға арналды. Бұл үрдіс өңірлердегі кадр саясатымен де тікелей сабақтас. Мәселен, бүгінде Алматы облысына медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы мен туризм саласының мамандары қажет.

АҚМАРАЛ БАҚЫТҚЫЗЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 
 «30-35 грант бөлінеді жыл сайын. Әрине, ол өңірге қажетті мамандықтар бойынша бөлінетін. Грант көбіне бізде мына әлеуметтік отбасы жағдайларына қарай бөлінеді балаларға. Ондай біздің балаларымызға өте үлкен қолдау, себебі өздерінің болашақта жаңағы жақсы мамандық таңдап, өздерінің орнын тауып, болашақ кәсіби маман иесі болуына үлкен зор үлесін қосады.»

Биыл өңіріміз бойынша 18 мыңнан астам жас мектеп бітірді. Олардың 7 мыңға жуығы мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар, шетелде білім алғысы келетіндерге де облыс әкімдігі арнайы гранттар бөліп отыр. Маселен, биыл Қытай Халық Республикасына өңіріміздің 35 түлегі оқуға аттанды.

АҚМАРАЛ БАҚЫТҚЫЗЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«2022 жылдан бастап облыс бойынша 255 түлек әкімнің грантына ие болған. Бүгінгі күні 169 студентіміз оқуын жалғастырып жатыр, ал қалған 86 түлегіміз білімін аяқтап, тиісті мамандықтар бойынша жұмыс істеп жатыр.»

Әкімдік грантымен оқыған жастар оқуды бітірген соң өңірде кемінде үш жыл еңбек етуге міндетті. Бұл аймақтағы маман тапшылығын жоюдың тиімді тетігі. Соның бір айғағы SDU University мен жергілікті әкімдік арасындағы әріптестік. Биыл бұл жоғары оқу орнына облыс әкімінің грантымен 7 жас қабылданды. Солардың бірі бала кезден ұстаз болуды армандаған Балжан Мұратқызы.

БАЛЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
СТУДЕНТ 
«Мен  СДУ - да бастауыш мұғалім мамандығы бойынша оқимын. Әкімдік грантқа түскенмін. Алған балым 76 балмен түскен болатынмын, негізі көпшілігі осы грант туралы айтсам 76 балмен қалай түстің деп таңғалып жатады. Осы СДУ-да әкімдік грант туралы білген кезде Алматы облысында өзім тұрамын, сол туралы білген кезде осы жаққа келіп өтініш тапсырып көрген болатынмын. Әкімдік грант туралы мен осы 24 тамыз күні білдім, осындай мүмкіндіктер барына, осындай тек жалпы грант қана емес басқа да көптеген мүмкіндіктер барына, өте қатты қуаныштымын.»

Ал 7 мыңға жуық мемлекеттік гранттың бос қалуына талапкерлердің бұл мамандықтарға ынта білдірмеуі себеп болған. Енді бұл орындар ҰБТ дан жоғары балл жинап, бірақ алғашқы лекте грантқа ілінбей қалған жастарға қайта бөлініп берілуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз: