Медицинаға серпін: жалақы өседі, жаңа орталықтар салынады!

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бірқатар міндет белгіленді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, алғашқы медициналық көмекті күшейту және жаңа медициналық нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар саладағы өзекті мәселелерді шешіп, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Аталған мәселелер күні кеше Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілді.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды. Сонымен қатар жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаржы көлемін арттыру көзделген.

ЕЛДАНА ӘБЕНОВА
АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ МЕКЕМЕСІНІҢ ҮЗДІК ТӘЖІРБИЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
- Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі – халықтың әл-ауқаты мен ұлт саулығы үшін маңызды қадам. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау және балалар денсаулығын қорғау мәселелерінің назарға алынуы қуантады. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру бастамасы да олардың еңбегін бағалап, мамандықтың беделін арттыруға бағытталған.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту өзекті мәселелердің бірі. Ел бойынша алғашқы кезеңде сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңа нысандардың құрылысын жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар жеке инвестициялар тарту көзделген. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту саладағы қызмет сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі болмақ.

ЖАНДОС РАЙЫМБЕК 
ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ
- Мемлекет басшысының Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық берілуі біз, медицина қызметкерлері үшін үлкен маңызға ие. Өйткені халықтың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу және әрбір азаматқа қолжетімді медициналық көмек көрсету – біздің күнделікті жұмысымыздың басты мақсаты. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғау, балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту – болашақ ұрпақтың саулығы үшін аса маңызды.

Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынды. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандары соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау да көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз: