Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу

Отбасылық жанжал мен жанды жегідей жеген ішкі күйзелістің кесірі! Жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебін мамандар осы негізгі екі фактормен байланыстырады. Мұның алдын алу мақсатында өңірде түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Іле ауданында бүгін аналар мен психологтардың қатысуымен «Қасыңдамын» форумы өтті.

ЛӘЙЛӘ МИРАС - ҚР ҮКІМЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕНІҢ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ БАС КЕҢЕСШІСІ
«Қазіргі басты мәселелердің бірі – психологтардың аздығы және психологиялық көмекке мұқтаж балалар санының артуы. Күрделі жағдайлармен жұмыс істейтін білікті мамандар жетіспейді. Сонымен қатар психологтардың жалақысы төмен, еңбегі де жеткілікті бағаланбайды. Тағы бір маңызды мәселе – ата-аналардың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі. Олар баланың тек жетістігіне емес, эмоционалдық жағдайына да мән беріп, уақытын бөлуі керек.»

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте байқап, эмоционалдық қолдау көрсетудің маңызды екенін айтады мамандар. Ал жиынның Іле ауданында өтуі бекер емес. Былтырдан бері тек осы ауданда үш бала өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Психолог мамандардың жетіспеушілігі де түйіні шешілмеген проблемалардың бірі. Іле ауданындағы мектептерде қазір 83 психолог жұмыс істейді екен. Ал оқушылар саны 68 мыңға жуық. Шараны ұйымдастырушылар мұндай кездесулер балалардың эмоционалдық жағдайын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді деп сенеді.

ҚАЛАМҚАС СӘРСЕНБАЕВА
ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бізде диагностикалық тест бойынша қызыл аймақта төрт бала анықталып отыр. Сары аймақта алты бала бар. Психологтар тиісті жұмыстарын жүргізеді. Осы орайда ата-аналардың да психологтарға қолдау көрсетуі маңызды.»

Сондай-ақ оқыңыз: