Қонаевта Қарттар күніне орай қала тұрғындарына құрмет көрсетілді

Қонаевта Қарттар күніне орай қала тұрғындарына құрмет көрсетілді
Фото: Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарттар күніне арналған мерекелік шара аясында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Кербұлақ пен Қосқұдық ауылдарындағы ең қарт тұрғындарды арнайы құттықтап, үйлеріне барды.

Кербұлақ ауылында тұратын Дүйсен ата мен Сарқыт апа биыл отасқандарына 51 жыл толды. Ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген отбасы ауыл шаруашылығында еңбек етіп, туған жерін тастамай, елді мекеннің өркендеуіне үлес қосқан. Бүгінде олар ауылдағы өнегелі әулеттердің бірі саналады.

Қосқұдық ауылында тұратын 85 жастағы көпбалалы ана Тлеукен Шаяхметова өмірін кітапхана ісіне арнаған. Әулеті станция құрылған жылдардан бастап осы өңірде қоныстанған. Оның әкесі де, балалары да теміржол саласында еңбек еткен.

Қонақжай дастархан басында ақжаулықты ана игі тілектерін жеткізді.

– Он перзент тәрбиелеп өсірдім, бәрі де елдің лайықты азаматтары болып қалыптасты. Өмір бойы ауылға адал еңбек еттік. Бізді ұмытпай, Қарттар күні құттықтап келгендеріңіз жүрекке қуаныш сыйлады. Өсіп-өркендей беріңдер, – деді Тлеукен апа.

Сонымен қатар, ұзақ жылдар отасып келе жатқан Сәрсенбековтер мен Әбішевтер әулеттеріне де құрмет көрсетілді. Олардың шаңырақ көтергеніне 50–60 жылдан асқан.

Қала басшысы сондай-ақ жалғызбасты қарияларға арнайы барып, азық-түлік себеттерін табыстады.

Мереке аясында Қонаев қаласының дамуына үлес қосқан құрылысшыларға, «Ардагерлер кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» мүшелеріне, әр салада еңбек еткен зейнеткерлерге және белсенді қарияларға қала әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.