ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЦИРК ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Алматыда IV Халықаралық цирк өнері фестивалінің шымылдығы түрілді.

 Алдағы  күндері әлемнің 20 ға жуық елінен жиналған 60тай өнер майталмандары өзара мықтыны анықтайды. Қатысушылар қатарында әйгілі өнер шебері сайқымазақ – Андрей Жигалов та бар. Дәл осындай танымал жұлдыздар Орта азиядағы ең ауқымды шарада қандай өнер көрсетпек? Үздіктер қалай анықталады? толығырақ тілшіміз тарқатсын.  


Мәдени шараға 250 ден астам цирк өнерпаздары арасынан іріктелген кілең мықтылар жиналды. Талант иелері акробатика, әуе гимнастикасы мен өзге де түрлі жанрлар бойынша сынға түседі. Бекзат өнерді серік еткендер қатарында кәсіби әртістерден бөлек жас өнерпаздар да бар. Фестивальдің басты ерекшелігі де осы, қалың көпшілік әлемнің ең үздік деген әртістерінің бұрын соңды болмаған жаңа қойылымдарын тамашалай алады. 

МАҚСАТ ЖАЙЫҚОВ
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЦИРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл фестиваль әртістерге жаңа мүмкіндіктер береді . Бұл – Орталық Азиядағы үлкен жоба. Біздің мақсатымыз – Орталық Азияда цирк хабын ұйымдастыру, жасау. Жылда біз болмаған жанрларды, болмаған номерлерді шақырамыз. Әр номер өзінше. Бүкіл фестивальде әртістер сақтау белдігінсіз жұмыс жасайды. Бұрын соңды қайталанбаған номерлер болады. Сондықтан әр жыл сайын фестиваль ерекше болады.»

Әлемдік фестивальдің ашылу салтанаты да ерекше өтті. Мерекелік бағдарламаның ашылуына арнайы эксклюзивті сахналық костюмдер дайындалған.  Сонымен қатар биыл алғаш рет Түркия, Франция және Швейцариялық цирк әртістері кілең мықтылардың қатарына қосылды.  

АННА ДЕМЕТЕР
ҚАТЫСУШЫ
«Мен – әуе гимнастымын. Алматыдағы осындай ауқымды байқауда өнер көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл – менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Мен өз қойылымымда өте күрделі қимылдарды орындаймын. Бағдарлама барысында сальто, твист сынды көптеген қиын акробатикалық трюктер орындаймын.»

Фестиваль аясында қатысушылар Гран-при, сондай-ақ 3 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде үшін бақ сынайды. Жеңімпаздарды халықаралық қазылар алқасы кәсіби шеберлігі, орындаушылық деңгейі, көркемдік шешімі және қойылымның бірегейлігі бойынша анықталмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: