«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ» КӨРМЕСІ ӨТТІ
Қонаев қаласында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Бір ауыл -бір өнім» өңірлік көрмесі өтті.
Шарада өңірдегі 9 аудан мен Қонаев қаласынан келген ондаған іскер өздерінің бірегей бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Отандық брендті қалыптастыруды көздейтін көрмеден әріптесім дайындаған бейнесюжетке назар аударыңыздар.
Көрмеге қойылған табиғи шикізаттан жасалған тағамдар, ұлттық нақыштағы қолөнер туындылары мен тұрмысқа қажетті бұйымдар келген қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Әсіресе, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі қолөнерді жаңғыртып, бабалар мұрасын табыс көзіне айналдырған ауыл шеберлерінің еңбегі ерекше көрінді.
ҚЫРҒАУЫЛ КӘКЕЙҚЫЗЫ
КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ
Балалық шақтан бергі мына ұршықтан шыққан өнім. Әжеміздің ұршығы, әжеміздің қисық инесінен басталып шыққан. Инемен тіксем, яғни мына кестелерім. Ал ұршықтан шыққан өнім мына тұрған басқұр баулар, мына жердегі тұрған қойдың жүні, түйенің жүнінен тігіліп, жасалып шыққан бұйымдардың барлығы, міне, өз қолымнан өніп тұр. СКЛ Бірінші мен де жаңағы ұстаханаларды үлкекейтер едім. Кішігірім, шағын шеберхана ашып, оқу орнымен іс-жұмыс жасайтын екі қатар өнер мектебін салар едім.
Көрме аясында арнайы сарапшылар бұйымдардың өнім сапасын, дизайны мен жергілікті шикізаттың қолданылу деңгейін бағалады. Жоба ауылдағы кәсіпкер қыз-келіншектер мен қолөнершілерге өз кәсібін кеңейтіп, үлкен нарыққа шығуға зор мүмкіндік беріп отыр.
ЖАННА ҚЫРҒЫЗАЛЫҚЫЗЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
65-70 кәсіпкерден өтінім түскен, 65 кәсіпкер бүгін осы жерде өз өнімдерін таныстырып жатыр. Бұл шараның мақсаты -қазақстандық, отандық тауарлардың брендін қалыптастыру, біздің қолөнершілерді қолдау мақсатында. Бүгін 65 қатысушының ішінен 20 финалист іріктеліп, 20 финалистің ішінен бренд комитетінен 10-ы іріктеліп, ол 10 кәсіпкерге, финалистерге сертификат табысталады. Сертификат арқылы 5 миллиондық грантқа қатысуға үлкен мүмкіндік алады.
Халықаралық Жапония ынтымақтастық агенттігінің сарапшылары қатысқан бұл көрменің қорытындысы бойынша үздік танылған 10 финалист арнайы сертификатқа ие болады. Енді олар өз өндірісін өркендету үшін 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант конкурсында бақ сынайды.