Ұлттық өнерді ұлықтаған ұста

Райымбек ауданы, Қаратоған ауылының тұрғыны Тілеш Қасымұлы ұлттық қолөнерді ұлықтап жүрген шебер. Ол  қамшы өріп, ерт-тұрман жасап, ат әбзелдерін әзірлейді. Шебердің қолынан шыққан жабдықтарға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, Қытайдан да тапсырыс түседі. Бүгінде ол ұлттық мұраны кейінгі буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелейді. 


Қазақтың атқа міну мәдениеті мен қолөнерін қатар алып жүрген шебердің қолы  тапсырыстан босамайды. Қамшының алты, сегіз, он екі таспалы түрін өреді.  Ер-тұрман жасап, ат әбзелдерін әрлеумен айналысатын ұста бұл кәсіпті өмірінің мәніне айналдырған. Еңбегі арқылы отбасын асырап қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп келеді.


ТІЛЕШ ӨМІР  
ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
 “Мен өзім осы жерге келгеніме 20 жылдай болды. Осы халықтың ішінде жүрмін. Әйтеуір тапсырыс көп, өзім істегеніме 40 жылдай болды. Енді 2 бала бар істеп жатыр. 2  баланың екеуі де қамшы өреді,  ер шабады. Мен не істесем соны істейді. 2 баламды тәрбиелеп жатырмын. Кнді халықтан тапсырыс көп, қытайға дейін болып жатыр» 

Қазақ халқы үшін жылқы – көлік қана емес, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Ат-әбзелдері шеберлердің қолымен сапалы былғарыдан, ағаштан және металдан жасалып, кейде күміспен әшекейленеді. Тілеш Қасымұлы да ұлттық қолөнерге ерекше ықыласпен қарап, атқа қажетті өмілдірік, құйысқан, жүген, ауыздық, тізгін сияқты жабдықтарды бар ынтасымен әзірлейді. 

ӘСЕТ ЕСЕНАЛЫҰЛЫ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ 
“Оның өрген дүниелер мынау қамшы. Бұдан бөлек ертоқым шабады,ертоқым әрлейді, таға соғады,атты тағалайды. Дегенмен бұрынғы қазақ бабамыздан қалған өнердің бірталай бар. Енді қолы қуатты болып аман-есен жүре берсін ортамызда. Бұл енді мынау бұл өрім ат әбден жасау, өрім өру, таға соғу деген бір кейінгі кезде қалып баратқан қазақтың ұлттық өнер еді. Бірақ осындай жігіттердің арқасында осы ұлттық өнеріміз қалмайды деп ойлаймын.

Ұлттық мұраны ұлықтаған шебердің еңбегі – ата кәсіптің өміршеңдігінің айқын дәлелі. Қолөнердің қадірін арттырып, шәкірт тәрбиелеп жүрген осындай азаматтардың арқасында қазақтың төл өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: