Өнер мен жасанды зерде
Ата-бабадан жеткен асыл мұра мен болашақтың озық технологиясы бір арнада тоғысты. Қонаев қаласында «Ұлттық өнер және жасанды интеллект» деп аталатын ауқымды облыстық көрме өтті. Қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздары бас қосқан іс-шарада ұлттық құндылықтарды цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру саласында тиімді қолданудың жаңа үлгілері таныстырылды.
Балалар өнер мектебінде ұйымдастырылған көрмеге өңірдегі ең үздік педагогтер авторлық жобаларын алып келген. Экспозициядан дәстүрлі қолөнер, сәндік-қолданбалы туындылар, нейрожелілермен жасалған цифрлық өнер туындыларын көруге болады.
СӘБИТ ТОЛЫБЕКОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Осындай іс-шаралар ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, білім беру жүйесінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға жол ашатын бірден-бір алғашқы жоба болып отыр. Бұл жобамыз биылғы жылы өзінің бастауын алды, енді жыл бойы осы жасанды интеллект технологияларын ұлттық құндылықтармен ұштастыру дәріптелетін болады»
Көрмеге қатысушылар тек цифрлық туындыларды ғана емес, мектеп пен күнделікті тұрмысқа қажетті инновациялық өнімдерді де ұсынды. Солардың бірі -Жамбыл ауданынан келген робототехника пәнінің мұғалімі. Оның ойлап тапқан өнертабыстары әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.
БАҚТИЯР ДӘУЛЕТИЯР
РОБОТОТЕХНИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
«Бүгінгі алып келген жобаларымыз ол автоматты қоқыс қабылдағыш, және беспилотник, сонымен қатар робо-күнбағыс және мектепке арналған автоматты қоңырау жүйесі. Енді автоматты қоңырау жүйесіне тоқталғым келеді. Ерекшелігі -қазіргі таңда қоңырау мектепте ол қолмен соғылады, ал біздің өнімді алатын болсақ, жылдың басында сол өнімімізге сабақ кестесін енгізіп қояды, жыл аяғына дейін қоңырау автоматты түрде өзі соғылып, өшіріліп отыратын болады»
Білім мен өнер көрмесінде педагогтер авторлық әдістемелерін де ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнер мен зияткерлікті сабақтастырған осындай бастамалар қосымша білім беру саласын дамытуға үлкен септігін тигізеді.