Шошанай ауылында ел ынтымағы мен бірлігінің жарқын үлгісі болған спорт кешені ашылды
Қарадала өңіріндегі Шошанай ауылында ел ынтымағы мен бірлігінің жарқын үлгісі болған спорт кешені ашылды. Ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Жоба «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асты. Кешенде бокс пен күрес залдары және командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар бар.
Маңызды нысанның ашылу салтанатына облыс басшыларымен бірге ел спортының мақтаныштары Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибрайымов пен Шавкат Рахмонов сынды танымал чемпиондар мен қоғам қайраткерлері келді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.
АМАНГҮЛ ЖҰМАХАНҚЫЗЫ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«...Болашақта осылай Шошанай ауылында және де басқа да ауылдарда осындай спорт кешендері көп көп ашыла берсін. Біздің бала шағаларымыздың, болашақтарымыздың жүздері жарқын көңілдері көлдей болсын. Атап айтқанда Дәулет Тұрлыханов жаңағы Ермахан ағаларымыз сияқты сондай сондай спорт шеберлері көп көп осы ауылдан шығады деп сенімбілдіремін.
Шара тек жаңа нысанның ашылуымен шектелген жоқ. Ауылда спорт мерекесі жалғасын тауып, қазақ күресі, қол күресі және футболдан жарыстар ұйымдастырылды. Демеушілер де игі бастамаға өз үлестерін қосып, жас спортшыларға жаттығу құралдары мен спорттық формаларды табыстады.Ал елімізге белгілі чемпиондар алдағы уақытта Шошанай ауылында үздік жаттықтырушылардың қатысуымен арнайы жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр.
ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«... Біз бәрімізде білеміз мына балаларымыз ертеңгі Қазақстанымыздың болашағы сол балаларымыз егер мықты болып өссе, дене бітімі жақсы болса осы спорттың арқасында. Міне спорт кешен осы елдің азаматтары салып жатыр оның ішінде Бекжан осы ел азаматын айтқым келеді. Ел азаматтарына осылай рахмет айтқым келеді. Бұл басқа өңірлерге үлгі.
300 млн.теңге инвестициялық қаржыға салынған спорт кешенінде жастар спорттық қабілетін дамытады. Жергілікті халықтың қолдауымен бой көтерген бұл нысан – ел бірлігі мен туған жерге деген жанашырлықтың нақты нәтижесі.