"Бүркітші" фильмі

Алматыда қазақстандық dark-триллер жанрындағы «Бүркітші» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Ұлттық «Қазақфильм» киностудиясының туындысы детективтік сюжетті өткір әлеуметтік тақырыппен және қазақ халқының дәстүрлі бүркітшілік өнерімен ұштастырады. Болжап болмайтын детективтік оқиға мен ұлттық нақыш. Осы екі бағытты жаңа dark-триллер «Бүркітші» бір арнаға тоғыстырған. Фильмнің ерекшелігі — өткір әлеуметтік мәселе, мықты әйел бейнесі және бүркітпен аң аулау дәстүрінің көрініс табуында. Оқиға сыныптасының өлімін тергеуден басталады. Бұл қылмысты зерттеу ауылдық бүркітші мен полиция қызметкерін басқа да жұмбақ істердің ізін ашуға жетелейді. «Бүркітші» — жас режиссер Қуаныш Стахановтың алғашқы толықметражды кинотуындысы.

ҚУАНЫШ СТАХАНОВ
РЕЖИССЕР
«..Бүркітшілік өнеріне қатысты бізде арнайы кеңесшілер болды. Олардың бірі — Арман. Айта кетейін, ол еліміздегі ең үздік бүркітшілердің бірі, Қазақстан чемпионы. Біз оны актерлерге бүркітшілік өнерін үйрету үшін арнайы шақырдық. 

Фильмнің негізгі түсірілім жұмыстары Кеген ауданында — Жалаңаш және Ақтасты ауылдарында жүргізілді. Түсірілім тобының айтуынша, бұл жерлердің табиғаты киноға сұранып тұрған көркем көрініске толы. Фильмдегі басты рөлді белгілі актер Берік Айтжанов сомдады.

БЕРІК АЙТЖАНОВ
АКТЕР
«Менің кейіпкерімнің аты — Талғат. Жасы шамамен 45-48 аралығында. Ол — аңшы, бүркітші. Сырт көзге өте мықты, мінезі берік адам болғанымен, ішкі жан дүниесінде үлкен қайғысы бар. Әйелінен айырылған, қызын жалғыз тәрбиелеп отыр. Маған әсіресе фильмнің соңғы кадрларындағы көрініс қиын болды. Онда ол ұзақ айырылыстан кейін қызымен қайта қауышады.

Қазақстандық алғашқы dark-триллер жанрындағы «Бүркітші» фильмі 10 қыркүйектен бастап кең прокатқа шығады.

Сондай-ақ оқыңыз: