Спортшыларға құрмет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді марапаттады. Президент ұлттық құраманың жеңісін жоғары бағалап, спортшылардың халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатқанын атап өтті. Спортшыларымыз дүбірлі додада топ жарды. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ұлттық құрама қоржынында – 74 медаль. Оның 32-сі – алтын. Мемлекет басшысы елімізде спорт саласын дамытуға ерекше мән беріледі деді. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны бой көтерген. Ал бүгінде дене шынықтырумен 8 миллионнан астам адам тұрақты айналысады. Салтанатты жиында президент үздік спортшылар мен  көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.Олардың қатарында Алматы облысының сайыпқырандары да бар.  Бәйге жаттықтырушысы Жомарт Рахымбердиев «Құрмет» орденімен, қол күрес чемпионы Данил Устинов  «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен  марапатталды. Ал аламан мен құнан бәйгенің жеңімпаз шабандоздары Нұрасыл Бекбатыр мен Санжар Өмекей президент қолынан  алғыс хат алды.   


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ 
"Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы спорттың негізгі миссиясының бірі өзара құрмет пен силастықты дәріптеу. Халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды"

Сондай-ақ оқыңыз: