Тіл мерекесі
Қонаевта Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты облыстық жиын өтті. Іс-шара ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналды. Қазақ тілінің ұлт өміріндегі орны мен рухани құндылығы айрықша дәріптелді. Тіл – ұлттың жаны, халықтың жадын сақтайтын асыл мұра. Ана тілінің қадірін білу өткенді ұлықтап қана қоймай, келешекке аманат қалдыру. Бүгінде қазақ тілінің қоғамдағы қолданысын кеңейтіп, оның білім мен ғылымда, мәдениет пен күнделікті өмірде еркін өріс алуына жол ашу ортақ міндет.
ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ
«Тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес, бұл танымның да үлкен құралы, ұлттың өзін-өзі тану үшін, өзін-өзі білу үшін және жиған терген ғасырлық тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру үшін де осы тілді құрметтеп, тілге арналған осындай тағылымды жиындарда ұрпақтан-ұрпақта осыны аманат етіп сақтап және ең бастысы тіл қолданыста ғана өмір сүреді»
Салтанатты жиында тіл саласына еңбегі сіңген 15 азамат марапатталды. Оларға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
САЛТАНАТ БЕСПАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Тілді құрметтеу біздің ана тілінің ерекшелігін, оның әсемдігін, ана тілінің, қазақ тілінің өлеңдерінің, қазақтың әндерінің, жалпы сөз мағынасын ұлықтайтын ұлы мереке. Сол себепті бүгінгі жиынымызда біз әр Алматы облысының әр ауданынан өзге ұлт- өкілдерін жинап отырмыз. Мемлекеттік тілді құрметтейтін, мемлекеттік тілде сөйлей алатын және сол мемлекеттік тілді насихаттауда ат салысып жүрген ардақты азаматтарымыз келіп отыр»
Тағылымды кеште Қонаев жастары Нұрлан Оразалиннің өлеңдерін оқып, ақынның шығармашылығына құрмет көрсетті. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тіл мен әдебиетке деген құрмет ел руханиятының берік негізі әрі ұлт құндылығын ұлықтай түспек.