Симфония сазы
Алматыда Төлепберген Абдрашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі 91-ші маусымын ашты. Бұл жолы ұжым, тыңдарманға әлемдік классикалық музыкадағы ең ауқымды туындыларды ұсынды. Өнерсүйер қауым классикалық музыканы сағынған. Жамбыл атындағы филармония іші лық толды. 600-ден астам билет түгел сатылып, халықтың өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Маусым шымылдығы Густав Малердің «Қайта түлеу» симфониясымен түрілді. Бұл ірі шығарманы орындау үшін бір сахнада симфониялық оркестр мен Бауыржан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы бас қосты.
БІРЖАН ХАСАНҒАЛИЕВ
ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Малер 19-20 ғасырдағы ең ірі симфонист қой. Оның әр туындысы құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да өте күрделі. Біздің ұжым осындай ауқымды дүниені батыл қолға алып отыр.
Оркестр сапында халықаралық байқауларда топ жарған, шеберлігі шыңдалған жүзге жуық кәсіби музыкант бар. Ұжымды халықаралық тәжірибесі бар маэстро Қанат Омаров бастап келді.
ФЕДОР АРТАМОНОВ
ҚР ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК СИМФОНИЯЛЫҚ ОРКЕСТРІНІҢ ӘРТІСІ
- Бұл біздің ортақ мақтанышымыз ғой. Бұған дейін Фуат Мансуров, Төлепберген Абдрашевтар басқарған қасиетті шаңырақ бұл. Қазір солардың сара жолын Қанат Омаров жалғастырып келеді. Ал мына симфония адам өмірінің бастауы мен ақырын, тіпті арғы дүниенің тылсымын баяндайтын мистикаға толы ерекше дүние.
Зал жиналған халық әр туындыны ерекше ықыласпен тыңдап, қошаметін аямады. Биылғы маусымда камералық әуендер әуелеп, «Отырар сазы» оркестрінің концерттері өтеді. Сонымен қатар қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлерінің мерейтойына арналған арнайы кештер ұйымдыстырылады.