Ұлытау үні
Тайжан Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясы Алматыға келді. Шығармашылық ұжымның концерті Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының сахнасында өтті. Кеште дәстүрлі әндер шырқалып, күй күмбірлеп, заманауи саз әуеледі. Елімізге белгілі дәстүрлі әншілер Алматы жұртын сүйіндіріп, Ұлытаудың өнері мен болмысын танытты. Сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ залды ұлттық аспаптардың қоңыр үні тербеді. «Алтын Орда» ансамблі мен Ғалым Мұхамединнің орындауы кешке ерекше леп берді. Ал «JEZZ acoustic» бэнд тобы ұлттық әуенге заманауи ырғақ қосып, кештің ажарын аша түсті. Әр өнерпаздың өнерін әуезді сүйемелдеумен сабақтастырған музыканттар концерттің біртұтас музыкалық үйлесімін айшықтады.
ҒАЛЫМ МҰХАМЕДИН
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ
«Бұл жолы әдейі өзіміздің жергілікті композиторлардың әндерін алып келдік. Тайжан Қалмағанбетовтың әні, Жақсыгелді Сейілов, Кәкімбек Салықов. Мен өзім осы ел арасынан қаншама ән жинадым. Сол әндерді қазіргі жастарға, өзімнің шәкірттеріме үйретіп, солар орындағанда ел тыңдайды. Өйткені бір әнді айта берсең ешкім тыңдамайды ғой. Сондықтан да бұрынғы өзіміздің қазақтың айтылмай кеткен әндері бар. Соларды айтса тыңдайды. Негізі дәстүрлі әннің келешегі мол. Дұрыс орындаса, өзінің мәнерімен орындасаң тыңдайды халық.»
Жастар арасынан Рысбек Алтынбекұлы Шымболат Ділдебаевтың әлі танылып үлгермеген «Оңашада» толғауын орындады.
РЫСБЕК АЛТЫНБЕКҰЛЫ
ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ
«Шымболат Ділдебаев кемінде мендей бол деп аузыма түкірген екен. Енді ол кісінің жүгін арқалау мен үшін бір абырой болып есептелді. Және парыз болып қалыптасып кетті. Ес жия келе жаңағы кісінің әндерін дәріптей бастадым. Бірінші рет келіп тұрмын іс-сапарға Алматыға. Жылы қарсы алғандарына рахметімізді білдіреміз.»
Ғасырлар бойы халықтың мұңын да, қуанышын да, сағынышы мен арманын да ән тербеп жеткізді. Ұлытау – сол шежіренің тамыры тереңге тартқан «ұлт ұясы». Алатау төрінде жаңғырған Ұлытау әндері – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірге айналды.