Жамбыл әлемі
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мол мұрасы Қытайда дәріптелді. Бейжіңде ақынның 180 жылдығына арналған мәдени шара өтті. Жиында Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Ұлы ақынның әдеби мұрасы мен рухани құндылығы насихатталды. Көрмеге Жамбыл Жабаевтың өзі пайдаланған көзілдірігі, телефоны, қамшысы, ер-тоқымы, шапаны мен аяқ киіміне дейін қойылды. Сондай ақ мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 100-ден астам құнды жәдігер, оның ішінде бірегей фотосуреттер, картиналар, кітаптар мен медаль-марапаттар көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мәдениет саласының өкілдері, тарихшылар, зиялы қауым және жергілікті тұрғындар қатысты.
САЛТАНАТ ЖАМБЫЛОВА
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕСІ
«Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе. Кешелі бері өте жоғары бағаланып жатыр. Бүгін, міне, ашылу салтанатына қатысып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Енді жалғыз менің атам емес, ол кісі – бүкіл қазақ халқының атасы.
«Жамбыл – ғасыр ақыны» іс-шарасы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға арналды. Тағылымды көрмеде қазақ халқының ұлттық құндылықтары қытайлық көрерменге таныстырды.
ӘНУАР ҮМБЕТӘЛИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Екі елдің мәдени байланысын нығайтып, дамыту мақсатында өтіп отыр. Қандастарымыз осы Бейжің қаласында тұратын болғандықтан, кешелі бері келіп жатыр. Өте жоғары қызығушылық танытуда. Олар Жамбылды жақсы таниды, оның жырларын жырлайды. Сондықтан неге осы жерге алып келіп, көрсетпеске?»
Мәдени іс-шара концертке ұласты. Ұлттық аспаптар күмбірлеп, ән шырқалды. Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары арнайы дайындалған музыкалық бағдарламасын ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді.