Қазақстанда алғаш рет химиотерапиялық препарат дайындайтын робот қолданыла бастады
Алматыда химиотерапиялық дәрілерді дайындауға арналған жоғары технологиялы KiroOncology роботы іске қосылды. Бұл — еліміздегі онкологиялық тәжірибеде автоматтандыру мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған алғашқы қадам.
Бұған дейін мұндай құрылғылар Еуропа мен АҚШ-та ғана қолданылып келген. Енді KiroOncology роботының көмегімен дәрінің дозасы нақты есептеліп, адам факторының әсері мейлінше азаяды. Робот:
- препараттардың мөлшерін дәл есептейді;
- дәріні 360° камера арқылы анықтап, базамен салыстырады;
- штрих-кодтарды тексеріп, араластыруға дейін және кейінгі салмақты өлшейді;
- қателікке жол бермейді;
- пайдаланылған құралдарды герметикалық контейнерге жинап, қауіпсіз түрде жояды.
Бұл технология медицина қызметкерлерін қауіпті заттармен тікелей байланыстан қорғап, жұмыс қауіпсіздігін арттырады.
Алматы онкология орталығында сонымен қатар KiroLink платформасындағы Kiro Assist жүйесімен жабдықталған BiOptima IT II қауіпсіздік класты ламинарлық бокстары да қолданылады. Олар препараттарды қолмен дайындағанда да барлық бақылау кезеңдерін қамтамасыз етеді.
Еліміздің көптеген онкоорталықтарында химиотерапиялық дәрілер әлі де қолмен дайындалады, бұл мамандар мен пациенттер үшін тәуекел тудырады. Сондықтан Алматыдағы бұл жаңашылдық — Қазақстан онкологиясы үшін маңызды әрі заманауи қадам.