Алатау қаласында тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті
Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған тағзым шарасы өтті. Жиын мақсаты – ерлік өнегесін ұмытпай, жас ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіру. Әскери бөлімде жас сарбаздар мен кеудесі орденге толы ардагерлер бас қосты. Жиналғандардың мақсаты біреу - Отан алдындағы антына адал болып, бейбіт күн үшін жанын қиған боздақтарды еске алу.
САҒАТБЕК НҰРАХМЕТОВ
ГЕНЕРАЛ-МАЙОР
«Жастарға айтатынымыз, сол сарбаздардың қиылған өмірлері еш кетпесін, сондай мынау жаттығу жаңағы өздерінің антына берік болуды дәлелдеп, осындай шара өткізіп жатырмыз. Біздің Ұлттық Ұлан қолбасшылары әр жыл сайын осындай шараларды өткізеді. Қазақстанның әрбір , бүгін Астана қаласында тура осындай шара өтіп жатыр»
Әскерилер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан боздақтар рухына бас иді. Олардың арасында қатардағы жауынгерлер мен офицерлер де бар еді.
1995 жылдың 7 сәуірі - қазақстандық бітімгерлер үшін ең ауыр күндердің бірі. Пшихавр шатқалындағы ұрыста 17 сарбазымыз көз жұмған болатын. Содан бері бұл күн ерлік пен қатар мұңның символына айналды. Міне, бүгін арада 31 жыл өтсе де, батырлардың есімі ұмытылған жоқ.
Тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстың бел ортасында болған Мұрат Сәттінов сол бір сұрапылды әлі ұмытқан жоқ. Көз алдында қарулас достарынан айырылды. Бүгінде ол батырлардың аманатын жас ұрпаққа жеткізуді парыз санайды.
МҰРАТ СӘТТІНОВ
ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСҚАН АРДАГЕР
«офицер солдат 89 барлығымыз бардық, содан 17 бала сол жерде оралмай қайтып кетті, 33-і әртүрлі дәрежедегі жарақат алып келді, ал, 36 бала ең соңында 31 май күні шықтық сол жақтан. Міне бүгін сол 31 жыл болған нәрсені еске алып отырмыз. Маңызы өте зор болғанда, міне жас балалар келді, мектеп жасындағы балалар. Олар енді өзінен үлкен ағаларының, әкелерінің осындай ерліктерін естіп, патриоттық тәрбие алады деген ойдамы»
6654 әскери бөлімде қызметін атқарып жүрген сарбаздар үшін бұл -үлкен мектеп. Олар аға буынның қаһармандық мінезін бойына сіңіріп, ел шебін күзетуге сақадай сай.
ҚАҺАРМАН СӘБИТ
САРБАЗ
«осы 6654 әскери бөлімінде өзімнің қызметімді өтеп жатып, бүгін осы іс-шараға өзім қатысып, көріп мүшесі болып жатырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Және де келесі жолы патриоттық сезімді, рухты көтеруді, тағы да болашақта осындай тағзым болатын болса мен ойланбастан қатысуға дайынмын»
Ер есімі - ел есінде. Бүгінгі тағзым шарасы -бейбіт күннің қадірін тағы бір мәрте ұғындырғандай. Ал өткенді еске алған ардагерлер мен жас сарбаздар үшін бұл - елдік пен бірліктің нағыз белгісі болып қала бермек.