30 мың түп өрік көшеті
Тау бөктерінің көркі – өрік ағашы. Талғар тауының етегіне Қызыл кітапқа енген жабайы өріктің 30 мың көшеті отырғызылды. Ауқымды экологиялық шара Іле-Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Бұл бастама сирек кездесетін өсімдік түрін сақтап, экожүйені қалпына келтіреді. Игі іске біздің тілшіміз Шұғыла Баймұқан да қатысты.
Мемлекет басшысы ел аумағына 2 млрд ағаш отырғызу бастамасын көтерген. Бұл игілікті іске Алматы облысы ерекше қолдау көрсетіп келеді. Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркіндегі Рахат сайында өрік жайқалып өспек. Қызыл кітапқа енген ағаш тау бөктерінде ежелден бар. Көшет 3-4 жылда бой түзейді дейді мамандар.
ЕЛНҰР АХМЕТОВ
ІЛЕ-АЛАТАУЫ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
«Іле Алатауы Ұлттық табиғи парк аумағында бұрыннан өсетіндіктен жер сіңуі өте оңай. Бірақ арнайы күтім жұмыстары жүргізіледі. 5 жылға дейін күтім жасаймыз. Сонымен қатар өспей қалған ағаштардың орнына 2027 жылы қосымша ағаштар егіледі.»
Табиғатты қорғауға бағытталған бұл бастама «Парктер шеруі – 2026» ауқымды экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылды. Әлем бірлесе қолдайтын бұл шара эко мәдениетті қалыптастырып, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды мұрат етеді. Жиында ауданның жас экобелсенділері өз жобаларын ұсынды.
ЕРСҰЛТАН РАҚЫМҚОЖА
ОҚУШЫ
«Біз мектепке 4-5 қоқыс жәшігін қойдық. Оларды қойғаннан кейін қоқысты сұрыптау, тағам қалдықтарын жою барлығы тиімді жүзеге асып жатыр. Қоқыстарды сұрыптасақ экологияға осылай әсер етеміз. Егер бәрін бірге қоқысты лақтырсақ бәрі сұрыпталмайды. Содан түрлі ауыру тарайды. Біз табиғатты сақтау үшін осыны жүзеге асырып жатырмыз.»
Биыл Іле Алатауы Ұлттық табиғи паркі аумағында 200 мыңға жуық көшет отырғызылады. Игі шара жалғасады. Мәселен алдағы уақытта Қарасай ауданына да қызыл кітапқа енген «Сиверс алмасын», Медеу мен Түрген шатқалдарына шіреңкі шыршаларын егу жоспарланған.